Панама каналында кемелер кептелісі пайда болды
Су деңгейінің төмендеуі Панама каналы үшін бұрыннан бар проблема.
Сондықтан бұған дейін әкімшілік кемелердің қатынауына қатысты шектеулер енгізіп келген. Бұрындары күн сайын шамамен 36 су көлігі өтетін. Бірақ шілдеде ол санды 32-ге дейін азайтуға тура келді. Салдарынан кептелісте кезегін күткен кеме саны 200-ден асып кеткен. Мұның алдында кемеге тиелген жүктің салмағына қатысты да шектеу енгізілген еді. Сол себепті компаниялар тауарларын жеткізе алмай әлек болып, өзге жолдарды іздеуге мәжбүр. Мысалы, Швейцарияның Кюне энд Нагель логистикалық фирмасы Азиядан АҚШ-қа бет алған контейнерлерді Суэц каналына бағыттауға ниетті. Бірақ бұл да қосымша шығын. Өйткені жеткізу уақыты кемі бір аптаға ұлғаяды.
Рикаурте Васкес, Панама каналы әкімшілігінің басшысы:
"1997-жыл біз үшін қиын кезең болған. Ол кезде ең алапат қуаңшылық тіркелген. Біз тасымалданатын жүктің салмағына қатысты шектеулер енгізген едік. Бірақ қазіргі ахуал тіптен қиын. Мұндай жағдайда суды сақтап қалудың бірден бір жолы – бұл кемелер санын азайту. Өкінішке орай, басқа амал жоқ. Шектеулер қыркүйектің соңына дейін күшін жоймайды."
Сонда бұл жол арқылы қандай тауарлар тасымалданады? Оның маңызы қандай деген сауал туындайды. Панама каналы арқылы АҚШ-тан сұйытылған газ Оңтүстік-Шығыс Азияға жеткізіледі. Сондықтан сарапшылар мына жағдайдан кейін көгілдір отын бағасы 7 пайызға дейін өсуі мүмкін екенін ескертеді. Канал арқылы Оңтүстік Америкадан АҚШ-қа жеміс-жидек жеткізіледі. Жалпы, АҚШ-тан контейнермен тасымалданатын тауарлардың 40 проценті осы жолмен өтеді. Әлемдік сауда көлемінің 3 проценті бұл каналға тиесілі. Сарапшылар соңғы жағдайға байланысты Еуропада азық-түлік қымбаттауы мүмкін дейді. Өйткені Панама арқылы Оңтүстік Америкадан Кәрі Құрлыққа келетін тауарлар кешігіп жатыр.
Кристиан Рулоффс, Container xChange компаниясының бас директоры:
"Панама каналындағы шектеулер салдарынан орын үшін бәсеке артты. Тиісінше жүк тасымалдау құны да өсті. Мұнымен айналысатын компаниялар шығындарын өтеу үшін бағаны көтеруге мәжбүр болады."
Негізі 10 жыл бұрын Никарагуа президенті Панамаға балама ретінде жаңа канал салу ұсынысын айтқан еді. Тіпті оның құрылысына дайындық жұмыстары да басталып кеткен. Қытай жағы инвестор болуға келіскен. Бірақ 2017-жылы жобаны қаржыландыру тоқтады. Өйткені америкалықтар тарапынан наразылық туындаған. Сарапшылар құрғақшылыққа қатысты жағдай өзгермесе, кемелердің өтуіне қатысты шектеулер келер жылға дейін жалғасатын түрі бар дейді. Онда жергілікті әкімшілік 200 миллион доллардан қағылуы мүмкін.