Қазақстандық кәсіпкер АҚШ-та кәсібін дөңгелетіп отыр
Алпауыт АҚШ-та «Қазақ бренді» жазуымен өнім шығарып, кәсібін дөңгелетіп отырған отандасымыз бар.
Айдын Есенгелді еңбек етсең, табындылық танытсақ, әлемнің қай жерінде де табысқа жетуге болатынын айтады.
Нью-Джерси штатындағы бұл дүкенге балалар жиі келеді. Өйткені мұнда дәмі тіл үйіретін тәтті тоңбалар сатылады. Қоспасыз жасалған табиғи өнімді қазақстандық кәсіпкер Айдын Есенгелді өндіріп отыр. «Дизайны Қарағандыда жасалған» қазақ бренді жазуымен сатылатын «Yes Candy»-ді шығару үшін сегіз ай кеткен.
Айдын Есенгелді, кәсіпкер:
- Бүкіл әлем қытаймен жұмыс істеп жатыр. Apple болсын, Амазон, Adidas болсын, басқа болсын. Брендтер америкалық, бірақ өндіріс қытайдікі. Мен де солай істедім. Бренд қазақтікі, Aмерикада, Ресейде, Қазақтанда сатылады. Бірақ Қытайда жасалған.
Қазақ кәсіпкері тек тәтті өнім шығарумен шектеліп отырған жоқ. Жүк көліктеріне арналған май сүзгіштерін де шығарады. Әлбетте оның да қазақ бренді деген таңбасы бар. Саудасы қызып тұр. Өйткені АҚШ-та ауыр жүк көліктері көп. Сондықтан кәсібін кеңейтіп, трак бизнесі қанат жайған Чикагода арнайы қойма ашпақ. Қытайда білім алған ол түрлі өнім шығаруды жоспарлап отыр.
Айдын Есенгелді, кәсіпкер:
- Мына жерде әр түрлі жазу жазуға болады. Смартфон арқылы Қазақстанның туын шығарамын. Міне біререр секундта шықты.
Қазір Айдын АҚШ нарығына Қытайдан кез келген тауарды жеткізумен айналысады. Оның ұстанымы - талмай еңбек етсең, түбі жемісін көресің. Қазақ брендімен әлемдік сұранысқа ие өнім шығару оның басты арманы.
Авторы: Нұрбек Бекен