АҚШ-та қазақ тілін үйренушілер көп
Қазақтар ағылшын тілін меңгеріп жатқанда, Қазақстанды танып, тіл үйренгісі келетін америкалықтар да көбейген.
Тіпті қазақша үйрететін еріктілер қатары артыпты. Меншікті тілшімізге сұхбат берген Әсел Күзеухан АҚШ-тың үш азаматына сабақ береді.
Вашингтон тұрғыны Кирон Кэнноли орыс, поляк, неміс, түрік тілдерін біледі. Енді қазақша үйренсем деген талпынысы бар. Сол үшін екі досымен бірге Әсел Күзеуханның курсына аптасына бір рет келіп тұрады. Қазір Қ, Ү, Ө секілді дыбыстарға мән беріп жатыр екен.
Кирон Кэнноли, Вашингтон қаласының тұрғыны:
- Мен қандайда да бір тілді үйреніп бастағанда, барынша асықпай меңгеруге тырысамын. Күнделікті уақыт бөліп отырсаң жеткілікті. Әрине, әдеби тілде сөйлеп кетпесем де, негізін білсем деймін. Бір тілді жаттап үйреніп, кейін ұмытып қалғым келмейді.
Ресей мен Орталық Азиядағы саясаттану бойынша білім алған Кирон «келешекте Қазақстанға жолым түсе қалса, сол елдің тілінде сөйлеуім керек қой», - дейді. Сабақ беретін Әсел Күзеухан да студенттердің құлшынысы жоғары болған сайын, шабыты ашылатынын айтады. Әдістемені өзі құрастырады екен.
Әсел Күзеухан, қазақ тілін үйретуші ерікті:
- Студенттерімнің талпынысы жақсы. Қазақ тілін үйренуге құштарлығы жоғары. Өте жақсы тәжірибе, жақсы сабақ болып жатыр.
Әзірге Әсел аптасына бір рет жұмыстан кейін сабақ өткізеді. «Оқыту курсы мол табыс әкелмесе де, қазақша сөйлесем деген азаматтарға көмектескім келді», - дейді.
Авторы: Нұрбек Бекен