Ұлыбританияда 156 мектеп жабылды
Оқу жылы енді басталғанда Ұлыбританияда 156 мектеп жабылды.
Себебі ғимараттар адам өміріне "қауіпті" деп танылған. Елдің Білім министрлігі авто-клавты бетоннан жасалған құрылыс материалдары сыр бергенін айтады. Бұл шешім өз кезегінде ата-аналардың ашуына тиді. Өйткені оқушылардың қайда барып білім алатыны нақтыланбаған. Айта кетерлігі, жыл басынан бері мектеп мұғалімдері бірнеше рет ереуілге шықты. Олардың айтуынша, инфляция жағдайында саланы қаржыландыру қысқарған. Ал тәуелсіз сарапшылар білім беру, денсаулық сақтау және көлік қызметкерлерінің ереуілдері келесі жылы өтетін ұлттық сайлау алдында Премьер-министр Риши Сунактың беделін түсірді деп санайды. Білім министрі Джиллиан Киган мектептердің жабылуы "уақытша мәселе", деді.
Джиллиан Киган, Ұлыбританияның білім министрі:
- Біз егжей-тегжейлі тексеріс жүргіземіз. Елде 22 500 мектеп бар. Оның 156-сы ғана қауіпті деп танылды. Сондықтан мәселені тез арада реттейміз.