Микрочип өндірісі: Әлемдік бәсеке

Қытайдың электрондық чип өндірушілері 5G үлгісіндегі өнім шығармақ ниетте.

Мұндай технология ықшам, стационарлық және базалық станциялардың жұмысын анағұрлым жақсартпақ. Осылайша Қытай саладағы бәсекелесі АҚШ салған санкцияларға еш мойымайтынын көрсеткісі келсе керек. Жоғары технология саласындағы екі елдің бәсекелестігінен жаһан жұрты ұта ма?

Австралиялық стратегиялық саясат институтының зерттеуіне сәйкес, Қытай технологиялық өндіріс тұрғысынан АҚШ-ты әлдеқашан басып озды. Атап айтқанда, 44 технологиялық сала болса, оның 37-сінде Шығыс елі көш бастап тұр. Ал АҚШ жеті салада ғана жетекші орында.

Айта кетерлігі, электр схемаларды шығару жөнінен де, оны тұтыну жөнінен де Қытай нарығы ең ауқымды саналады. Сөйтіп, АҚШ-ты да, Шығыс Азияның өзге елдерін де әлдеқашан шаң қаптырып кеткен.

Жалпы, көлік, компьютер, тұрмыстық техникаға қажет микросхемалар өндірісінің 75 пайызы Шығыс Азияның үлесінде. Яғни, Тайвань, Оңтүстік Корея мен Жапония чиптерді көптеп шығарады. Алайда, Қытайдың бұл ретте бәсі мықты. Өйткені чипке қажетті германий мен галлийдіңң дүниежүзінде 60 пайызы Аспан асты елінде өндіріледі екен.

Ахмед Банафа, технология сарапшысы:

- Америка Құрама Штаттары ғылыми зерттеулер, патент сияқты бірқатар басымдыққа ие. Ал Қытайдың артықшылығы шикізат пен жұмыс күшінде. Сондықтан АҚШ зауыттарын Қытайда салғысы келеді. Сөйтіп, Қытайдың ең болмаса бір артықшылығын өз пайдасына асырғысы келеді. 

Өндіріс пен экспорттағы қысым

- Былтыр АҚШ технологиялық жобаларға арналған экспорттық өнімді қатаң бақылау туралы шешім қабылдаған. «Чиптер мен ғылым туралы» заң нормасының аясында Джо Байден микросхема өндірісін ынталандыруға жеңілдіктер жасап, инвестиция құйғызуды ұйғарды. Бұдан кейін АҚШ бірнеше қытайлық компанияны нарықтан шеттетуге кірісті.

Ол ол ма, өткен айда Ақ Үй басшысы Қытайдағы микрочиптер сияқты маңызды технологияларға инвестиция құюға тыйым салатын жарлыққа қол қойды. Қытай да қарап қалмады: өндіріске қажет шикізат экспортын шектеді.

Шу Цзюэтин ҚХР Сауда министрлігінің ресми өкілі:

- Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және халықаралық міндеттемені орындауда Қытайдың экспортты бақылауға қатысты шешімі орынды деп білеміз. Қытайдың сауда министрлігі заң бақылауға алынатын экспорттық тауар тізбесіне алдағы уақытта өзгертулер енгізеді.

Сарапшылар мұндай екіжақты санкцияның ешкімге абырой әпермейтінін айтады.

Дэн Ивс, технология сарапшысы:

- Үш-төрт жылдан бері тұралап қалған чип өндірісінің тізбегі біртіндеп қалпына келіп жатыр. Ұзақ мерекелік демалыстар басталып, айфонның 15-ші үлгісі шыққалы жатқанда, жасанды интеллекке негізделген жаңа технологияны шығарудағы жанталаста – өндірістің тұралағанын ешкім ешкім қаламайды. Бұл ретте кез-келген тыйым не қысым мәселені ушықтыруы мүмкін.  

Уинстон Ма, цифрлық трансформация жөнінен сарапшы:

- Микросхемаларға тыйым салу жасанды интеллект саласындағы Қытай мен АҚШ арасындағы бәсекеге тікелей байланысты. Себебі жасанды интеллект ең озық мәліметтер технологиясының өзегі. Ал соңғы үлгідегі мәліметтер технологиясы әрине, чиптердің күшімен ғана іске асады.

АҚШ жоспары іске аспауы мүмкін

Микросхемаларға қатысты Қытайға тәуелділіктен арылу үшін, АҚШ Въетнамда өндіріс орындарын ашпақшы. Ол үшін әрине миллиардтаған доллар инвестиция құю көзделуде. Бірақ, Въетнамда жоғары технологияны меңгерген инженер аз. Сондықтан маман тапшылығы АҚШ-тың бұл жоспарына тұсау салу мүмкін дейді мамандар.

Дей тұрғанмен, АҚШ Президенті Джо Байденнің Въетнамға іс-сапары кезінде кадр мәселесі қозғалуы әбден мүмкін. Ақ Үй басшысының іс-сапары 10-шы қыркүйекке белгіленген.

Екі елдің бәсекелестігінен әлем жұрты ұта ма деген сұраққа келсек. Сайып келгенде, тұтыну нарығы ауқымды әрі мамандарды даярлауға ден қойған мемлекеттер заман көшінен қалмайды, дейді сарапшылар. Әрине, Қытай мен АҚШ-тан басып озу оңайға соқпас.