Таяу Шығыстағы Дэниел дауылы Египетке келіп жетті
Мысырда ауа райы құбылып, нөсер құйды.
Дегенмен дауылдың ауыр зардабын Ливия тартып отыр. Ресми мәлімет бойынша, мұнда 2 мыңнан аса адам бақилық болған. Солтүстік Африкада орналасқан Марокко да табиғи апаттан әлі ес жияр емес.
Таяу Шығыста ойран салған Дэниел дауылы демалыс күндері Ливияға келіп жетті. Дауыл соңы тасқынға ұласып, қызыл су екі мыңнан аса адамның өмірін жалмады. 7 мыңдайы із-түссіз жоғалғандар қатарында. Елдің шығысындағы Дерна қаласында әзірге мыңнан астам тұрғынның денесі табылған. Осы аймақты басқарып отырған әкімшілік өлім-жітім көрсеткішінің әлі еселенетінін айтады. Еске салсақ, 2011 жылғы саяси шиеленіс салдарынан ел қаққа бөлініп, Шығысы мен Батысы автономды басқаруға өтті. Соған қарамастан, қазір тұтас Ливия жұрты халықаралық көмекке мұқтаж. Түркия, Араб Әмірліктері, Қатар мен Алжир құтқарушылар тобы мен керек-жарақты жіберді
Зілзаланың зардабы ауыр
Марокко халқы да гуманитарлық көмекке зәру. Мұнда да 8-қыркүйекте болған зілзаладан көз жұмғандар саны 2800-ден асты. 2500-ден астам тұрғын түрлі жарақат алған. 6,8 балдық жер сілкінісінен кейін бірнеше афтершок болды. Бұл да жығылған үстінен жұдырық болып тиді. Қазір елдің зардап шеккен аймақтарында құтқару жұмысы қауырт жүріп жатыр. Мароккоға кеше жеткен Испания, Ұлыбритания, Қатар және Араб Әмірліктерінің құтқарушыларды бірден үйінділерді аршуға кірісті. Алайда аман қалғандарды алып шығу мүмкіндігі сәт сайын азайып барады.
Нөсер жауын селге ұласты
Қытайдың оңтүстігіндегі толассыз жауын салдарынан сел жүрді. 100-ден аса сел көшкіні 7 адамның өмірін қиды. 1300-ден аса тұрғын тасқын судың құрсауында қалып қойған. Өйткені аймақтағы өзен-судың бәрі арнасынан тасып, елді-мекендерді басып қалған. Құтқарушылар халықты қайықпен алып шығып, қауіпсіз жерге көшірді. Мәселен, жексенбіде Юлинь қаласынан 13 200 адам эвакуацияланды. Ғалымдар Қытайдағы тайфун салдарының жыл санап ауырлағанын айтады. Тіпті тасқынға төтеп бере алатын мықты бөгеті бар Шэньчжень сияқты қалаларға қауіп арта түскен.
Су басу қатері төніп тұр
Жапонияның Хоккайдо префектурасында су тасу қаупі туындады. Метеорология қызметінің хабарлауынша, толассыз нөсер мен атмосфередағы ылғал салдарынан өзен арналары тасуы мүмкін. Мұндай қолайсыз ауа райы Күншығыс елінің солтүстігінде орнаған. Мәселен, Хоккайдо өңірінің Сетана қаласында жауған нөсер мөлшері 108 милиметрден асқан. Бұл айлық нормадан үш есе көп. Синоптиктер жауын-шашын екі күнге ұластанын айтады. Сондықтан елдің бұл аймағында дауыл, найзағай мен сел көшу қаупі туындап отыр.