Швед мектептері электронды құрылғылардан бас тартты
Жаңа оқу жылын кей швед мектептері электронды құрылғысыз бастады.
Енді олар сабақ барысында компьютер, планшет пайдаланбайды. Ұстаздар қауымы жаңа технология оқушылардың даму үрдісіне кері әсер тигізеді дейді.
Стокгольмдағы бұл швед мектебінде жаңа оқу жылы әдеттегіден өзгеше басталды. Оқушылар енді сабақ барысында планшет пайдаланбай, қалам ұстап қағазға жазу-сызуды дағдыға айналдырмақ. 9 жастағы Хенриктің пікірінше, қолмен жазу әлдеқайда қолайлы әрі пайдалы.
Хенрик Тролл Адамс, 3 курс студенті:
- Компьютермен жазу арқылы қолжазбаның не екенін ұмытамыз. Ал қолмен жазсаң әдемі әрі таза жазуды үйренесің. Маған ойымдағыны планшетке емес, дәптерге түсіру әлдеқайда тиімді.
Үкімет білім беру жүйесінің сандық технологияға көшуін құптап отыр. Өйткені бұл әлемде бар тәжірибе. Мектептерде әр балаға жеке планшет те бекітілген.
Катарина Бранелиус, мұғалім:
- Мен математика пәнінде планшетті қолданамын, онда біз әр түрлі бағдарламаларды жүзеге асырамыз. Бірақ мәтін жазу үшін пайдаланбаймын. 10 жасқа толғанша оқушылар да технологияға үйреніспеуі керек, өйткені бұл уақытта олардың жеке қолжазбасы қалыптасады. Осыны дағдыға айналдырса, қолмен жазуға машықтанады. Ал қол мен миды қатар қозғау ақпаратты жылдам қабылдауға мүмкіндік береді.
Білім беру жүйесін толық технологияға көшіруге ЮНЕСКО ұйымы түбегейлі қарсы. Мектеп басшылығы да дәстүрлі әдістерден бірден бас тартуға қарсы.
Каролин Келинг, мектеп директоры:
- Үкімет те, мектеп те балалармен тәжірибе жасамауы керек. Қандай нәтиже беретінін білмей, біз өзіміз толық меңгермеген дүниелерді оқушыларға үйрете алмаймыз. Жаңашылдық мүмкін 1 апта, 1 айдан соң жүйеге жақсы нәтиже әкелуі мүмкін, бірақ алдағы екі жылда қалай болары белгісіз.
Сарапшылардың пікірінше, салада олқылық орын алмас үшін технологияға емес, білімге көбірек көңіл бөлу керек.
Ингер Энквист, білім беру жүйесінің сарапшысы:
- Мен оқу бағдарламасына өте сын көзбен қараймын. Сала үлкен жауапкершілікті жүктейді, оқушы-студенттерге тәжірибе жасауды емес, көмектесіп, қолдан келгенін үйретуді мақсат етеді. Алдымен, оқу бағдарламасында білімге баса назар аудару керек. Ал іс жүзінде технологияны көбірек қолданылатыны белгілі болды. Кітап бетін ашып, оқу, жазу артта қалып барады.
Олқылықты жою үшін Юргардсколлан мектебі оқушыларға сабақтан тыс уақытта технологияны пайдалануға тыйым салды. Енді олар қоңырау кезінде планшетке үңілмей, мектептегі ойын алаңында тиімді уақыт өткізбек.
Әсия Нұрлыбаева, «Хабар-24»