Ливияда тасқыннан көз жұмғандар саны артты

Әсіресе Дерна қаласы табиғи апаттан қатты зардап шекті.

Елдің шығысындағы 125 мың халқы бар қаланың төрттен бір бөлігін тасқын шайып кеткен. 1700 адамның денесі табылды. 10 мыңдайы із-түссіз жоғалған.

Өңірді басқарып отырған әкімшілік өлім-жітім көрсеткіші артуы мүмкін деп қауіптенеді. Болжаммен, опат болғандар саны 5 мыңға жуықтауы мүмкін. Қазір қайтыс болғандардың мүрдесі бауырластар зиратына жерленіп жатыр.

Мұхаммед әл-Қабиши, аурухана меңгерушісі:

- Аурухананың қайтыс болды деген есебінде 1700 адам тіркелген. Дәліздегі денелерді тіркеген соң, жерлеуге жіберіп жатырмыз. Кейбірінің жеке басы анықталса, кейбірінің кім екені белгісіз. Оларды суретке түсіріп, нөмірмен белгілеп зиратқа жөнелтіп жатырмыз. Басқа ауруханада 500-дей адамның жерленгенін білем. Жағдай мүшкіл, ауруханалар да құлағалы тұр.