Ливияны гуманитарлық дағдарыс жайлады

Ливиядағы тасқында көз жұмғандардың саны 5 мыңнан асты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Зардап шеккен аймақтарда мыңдаған адам хабар-ошарсыз кетті.  Ал сарапшылар елде гуманитарлық дағдарыс басталғанын айтады.

Қызыл су жайлаған Ливияның жағдайы ауыр. Лана агенттігі табиғи апаттан 5  300-дей адам опат болғанын жариялады. 10 мыңдайы хабар-ошарсыз кеткен. Дэниел дауылының зардабын әсіресе Дерна қаласы тартып отыр. Мұнда 6 мыңдай тұрғын із-түзсіз жоғалған. Тасқын кезінде 2 бірдей бөгет жарылып, қаладағы тұтас аудандарды шайып кетті. 

Мұстафа Сәлем, қала тұрғыны:

- Бөгеттің жарылғанын естідік. Ізінше алапат су қаланы жайлады. Шырт ұйқыда жатқан жандар ештеңе істей алмады. Көрші-қолаң бәріміз тығыз тұратынбыз. Бір әулеттен 30 адамды жоғалттық. Ешқайсысын таба алмай жатырмыз.

Мұхаммед әл Қабиши, аурухана меңгерушісі:

- Аурухананың қайтыс болды деген есебінде 1700 адам тіркелді. Дәліздегі денелерді тіркеген соң жерлеуге жіберіп жатырмыз. Кейбірінің жеке басы анықталса, кейбірінің кім екені анықталмады. Оларды суретке түсіріп, нөмір белгілеп, зиратқа жөнелтіп жатырмыз. Басқа ауруханада 500-дей адамның жерленгенін білем. Жағдай мүшкіл, ауруханалар да құлағалы тұр.

Табиғи апаттан кейін 48 сағат өтті. Дернаның төрттен бір бөлігін жойылған. Қазір іздеу-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірақ бұзылған қирандыны аршуға адам күші жетіспейді. Халық та гуманитарлық көмекке зәру.

Клаудия Газзини, халықаралық дағдарыс жөніндегі сарапшы:

- Жолдардың бәрін шайып кеткендіктен, гуманитарлық көмекті уақытылы жеткізу қиын. Бір сөзбен айтқанда, Дерна оқшауланып қалды. Оған жету қазір мұң. Сонымен қатар халықаралық көмекті қабылдауға елдегі саяси дағдарыс кедергі келтіріп тұр. 

Тасқыннан зардап шеккен барлық аймақта төтенше жағдай енгізілді. Қайтыс болғандардың барлығын бауырлас зиратқа жерленіп жатыр. Ливияның премьер-министрі Әбдел Хамид Дбейба 3 күндік аза тұту жариялады.

Авторы: Бақыт Топтаева.