Паркинсонмен күресудің жаңа әдісі
Австралиялық ғалымдар паркинсонға шалдыққан науқастар үшін жаңа қосымша ойлап тапты.
«Wallking tall» деп аталатын жоба ем қабылдаушының қимыл-қозғалысын арттырып, жүрісін ширақ етуге мүмкіндік береді.
Әлемде паркинсонға шалдыққан адамдардың саны 10 млн-ға жуықтайды. Жер жүзін жайлаған дерт егде жастағыларды ғана емес, жеткіншектерді де өзінің құрбаны ете бастады.
Мартин Островский 7 жылдан бері паркинсонмен күресіп келеді. Асқынған ауру салдарынан соңғы уақытта жүріп-тұруы бәсеңдей түскен.
Мартин Островкий, емделуші:
- Әр күн сайын өзіме қайта жүріп-тұруды үйретемін. Дәрі ағзаға әсер еткенде ғана көшеде дені дұрыс адам ретінде көрінуім мүмкін. Өзгелер айырмашылықты мүлдем байқамас та еді. Ал басқа кезде жағдай тіпті бөлек, әрең қозғаламын. Бағдарламаны қолданғалы жағдайым сәл жақсарған сыңайлы.
Австралияда 200 мыңнан астам науқаста паркинсон тіркелген. Ал тәулігіне 38 адамда дәл осы дертке диагноз қойылады. Пациенттердің күн санап артуы австралиялық ғалымдарды бей-жай қалдырмады. Оңтүстік Уэлльс университетінің неврологы Мэтью Броди науқастардың жүру қабілетін жақсартуға көмекші бағдарлама ойлап тапты.
Мэтью Броди, ғалым:
- Бағдарламаның ең негізгі функциясы – метрономның ритмін қалыптастырады. Метроном қозғалыс пен жүрісті дауыстап айтып тұратын құрал. Ол нейрондарды белсенді етіп, жүру қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.
Қосымшаны қолданушылар жүру уақыты мен қарқынын белгілеп барып, қозғалысқа кіріседі. Олар осы күні апталық жаттығудың 150 минутын белсенді орындап, жобаның игілігін сезінуде. Жетісіне екі шақырым ғана серуендейтін Островский қосымшаны қолданғалы 30 километрді бағындырып үлгерген.
Мартин Островкий, емделуші:
- Мен жаяу жүргенде өзімді өте жақсы сезініп, керемет тірлік жасадым деген күйде болдым. Қосымшаны қосып, тағы бірнеше мәрте қайталап көрген едім, нәтижесі бары байқалды. Серуендеген сайын құлап қалмай дұрыс жүруді қаперде ұстайтын мен бұл жолы жүруді емес кешкі астың қамын ойладым.
Қосымша инсульт, тізе-жамбас жарақатын алған науқастардың да кәдесіне жарайды. Тамыз айында іске қосылғалы бері 10 мыңға жуық пайдаланушы тіркеліп үлгерген. Ал қолдану ақысыз әрі әлем бойынша қолжетімді.
Әсия Нұрлыбаева, «Хабар-24»