Колумбияда халықаралық гүлдер көрмесі өтті
Орхидеямен танылған Колумбия астанасы Боготада 20-шы рет халықаралық гүлдер көрмесі өтті.
Әлемнің әр түкпірінен жиылған қауым өсімдікпен оранған ботаникалық саябақтың әсем көрінісін тамашалады.
Гүл өсіруден өзге елден озық тұратын колумбиялықтар үшін орхидея – мемлекеттің ең негізгі табыс көзі. Сондықтан гүлдер көрмесін ұйымдастыру дәстүрге айналған. Ал бұл жолғы жәрмеңке жылдағыдан ерек. Түрлі-түсті алаңға айналған экспозицияда орхидеяның 3 мыңнан астам түрін кездестіруге болады.
Лилиана Пердомо, Богота ботаникалық саябағының директоры:
- Мыңға жуық орхидея Мексика және өзге де елдерден жеткізілді. Кәсіби шеберлер мен нәзік гүлді ұнататындар үшін жұртшылық назарына өсімдікпен безендірілген әдемі көрме ұйымдастырдық.
Көздің жауын алатын көрме туристерді таңғалдырмай қоймады.
Ким Кинг, турист:
- Бұл – ертегі әлеміндегідей ғажап көрініс. Гүлдің сан түрімен танысып, көріп, әдемі композицияны тамашалау мен үшін үлкен бақыт.
Клара Гарсон, турист:
- «Көрме өтеді» деген жарнаманы көре салысымен іштей «мұны жіберіп алмауым керек» дедім. Өзім де үйде орхидея өсіремін. Енді бұл көрмеден де гүлдер ала кетемін.
Ұлттық құндылыққа ие орхидея гүлінің колумбиялықтар үшін маңызы зор. Ежелден күнкөріс көзіне айналған. Тарихқа сүйенсек, мезозой эрасында 65 миллион жыл бұрын пайда болған деген дерек бар. Қазір мұнда гүлдің 4 мыңға жуық түрі өсіріледі.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева