Перу қылмыстан көз ашпай тұр
Елде бұзақылық пен зорлық-зомбылық көбейген, деп хабарлайды «Хабар 24».
Биліктің шарасыздығына налыған тұрғындар көшеге шықты. Олардың талабы қандай?
Қылмыстың қарқыны халықтың бейбіт өмірін бұзғалы қашан. Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылған тұрғындар қаладағы ессіз әрекеттен әбден мезі болған.
Рикардо Салас, қала тұрғыны:
- Бұзақылар бізді аңдып жүреді. Бопсалағысы келеді. Өміріміз үшін қатты алаңдаймыз. Тапатал түсте шабуыл жасайды. Бұл жайтты полиция мен қылмыстық тергеу бюросына жеткізгенімізбен, олар ешқандай шара қолданбай отыр.
Нелли Посада, қала тұрғыны:
- Бізді ұрып-соғу, тонау үйреншікті нәрсеге айналып кетті. Бұзақылар кәсіпкерлерді бопсалап, ақша талап етеді. Адамдарға жұмыс істеуге мұрсат бермейді.
Үкімет қарекетсіз емес. Билік бірнеше елді мекенде төтенше жағдай жариялады.
Хорхе Чавес Креста, Перудің Қорғаныс министрі:
- Елдегі қауіпсіздік мәселесі расымен ушығып кеткен. Біз төтенше жағдай жариялап, қоғамдық тәртіпті қадағауды күшейттік. Біздің сарбаздар полицияға көмектесіп жатыр.
Ел астанасы Лимада алдыңғы жылы 120 мыңнан астам қылмыс тіркелген. Ал былтыр бұл көрсеткіш 40 мыңға өсті.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева.