Мәскеу төрінде Қазақстан туралы көрме ашылды
Мәскеудегі Қызыл алаңда Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанға арналған «Жібек жолы» атты көрме ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Осылайша, Ресей Орталық Азия елдерімен мәдениет саласындағы қарым-қатынасты нығайтуға бел буып отыр.
Дана Нұржан, тілші:
- Танымал фотожурналист Геннадий Поповтың көрмесін Мәскеу төріндегі экспозицияның негізгі өзегі деп атауға болады. Мұнда ХХ ғасырдың 80-ші жылдарында Қазақстанда түсірілген суреттер қойылған. Арасында ресейліктер жақсы танитын әрі аса құрметтейтін Асанәлі Әшімов пен Роза Рымбаеваның портреттері бар.
Ұйымдастырушылар «бұл көрмені қазір күніне 20 мыңға жуық адам тамашалайды» дейді.
- Мәскеуге қонақ болып келіп, керемет көрмені көрдік. 70-80 жылғы Алматыны, оның адамдарын көріп, қуанып жатырмыз. Ресейде осыны көрсетіп жатқанға өте қуаныштымыз.
- Қызыл алаңдағы бас дүкенге келіп, Қазақстан туралы көрмеге тап боламыз деп еш ойлаған емеспіз. Фотолардан Қазақстанның әсем табиғатын көріп, өзіміз таңғалып жатырмыз. Мәдениетіміз бен табиғатымыз туралы көрменің Мәскеудің қақ төрінде өтіп жатқанына өте қуаныштымын.
- Тамаша көрме! Жастық шағымызды еске салды!
Көрмеге салмағы 500 келіден асатын пештер арнайы әкелінген. Ташкент шаһарынан келген аспаздар күніне 180 келі палау, 2 мыңнан астам күлше пісіріп жатыр.
Шухрат Юсупов, дизайнер:
- Әзербайжандар, қазақтар, қырғыздар – барлық ұлт өкілдері келіп жатыр. Бәрімен де тіл табыстық. Бізді ешкім «сырттан келдің» демейді. «Көршілеріміз келді» деп жақсы қарсы алып жатыр. Соған қуандық.
Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстанға арналған көрме 8 қазанға дейін жалғасады.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров.