Үндістанда қаланы су басты
Үндістанның батысында селдетіп құйған жауыннан Нагпур қаласын су басты.
Әсіресе шаһардың ойпаңдағы аудандарында жағдай нашар. Үйлердің жертөлелері мен бірінші қабаттары көлкіп тұр. Қазір табиғат апатының салдарымен күрес жүріп жатыр. 300-ге жуық тұрғын құтқарылған.
Випин Итанкар, Нагпур қаласы әкімшілігінің өкілі:
-Қаланың су басқан аудандарында іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Ауа райын болжау қызметі алдағы күндер тағы жаңбыр жауатынын ескертіп отыр. Сондықтан тұрғындарға қауіпсіз жерлерге көшуге кеңес береміз.
Бірқатар штатта төтенше жағдай жарияланды
Ал АҚШ-тың оңтүстік-шығысында «Офелия» дауылы соғып, мыңдаған адам жарықсыз қалды. Сағатына 110 шақырым жылдамдықпен ұйытқыған дүлей желдің артынан жаңбыр жауып, кей аймақтарда су тасып жатыр. Табиғат апатына байланысты бірнеше штатта төтенше жағдай жарияланды.