Стокгольмде НАТО-ға қосылуға қарсы шеру өтті

Швеция астанасында үкіметтің НАТО-ға қосылуына қарсы наразылық акциясы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Адамдар биліктен одаққа кіруден бас тартуды талап етіп отыр. Шараны ұйымдастырушылар мемлекеттің бейтараптық мәртебесін өзгертіп, НАТО-ға ұмтылуы қауіпті дейді. «Себебі бұл қорғаныс альянсы – АҚШ мүддесінің жетегіндегі ұйым. Келешекте ел аумағына ядролық қару орналастырылып, қарсылас елдердің нысанына айналуы мүмкін», деп санайды.

Швецияның НАТО-ға қосылу мәселесі әлі талқыланып жатыр. Бұл елдің одаққа кіруін Түркия мен Венгрия қолдамай келеді. 

Хакан Юландер, шеруге қатысушы:

- Біз бұған дейін бейтарап мемлекет болып, еліміз тыныш өмір сүрді. Енді билік одан бас тартып, НАТО-ға мүше болуды шешіп отыр. Біз үкіметтің бұл саясатына қарсымыз. Өйткені ол елімізге қауіп төндіреді.

 

Еуроодақ құрамына қайта ену талабы

Ал Ұлыбритания астанасында мыңдаған тұрғын бейбіт шеруге шықты. Олардың басты талабы – Еуроодаққа қайта ену. Қазіргі экономикалық тоқырау мен жоғары инфляция жағдайында тек осы қадам елді дағдарыстан құтқарады, деп санайды халықтың 60%-і. Олардың пікірінше, осыдан 7 жыл бұрынғы Брексит шешімі – Үкімет жіберген қателік.