Лондонда қазақстандық суретшілердің көрмесі өтіп жатыр
Лондонда қазақстандық Гүлнұр Мұқажанова мен Айғана Ғалидың жеке көрмесі өтіп жатыр.
Суретшілер өз туындылары арқылы шетелдік көрерменге Ұлы дала елі мен көшпенділер мәдениетін көрсеткісі келеді.
Гүлнұр Мұқажанова өз еңбектерінде негізінен киіз және мата пайдаланады. “Босаға” деп аталатын мына дүниесі сол материалдардан жасалған. “Босағаны аттама, босағада тұрма” деген ұғымдар Гүлнұр үшін де қасиетті. Қазақ халқымен ғасырлар бойы жасасып келе жатқан ырым-тыйымдарды ол осы картинасы арқылы жеткізгісі келген. Тағы бір таң қалдырған туындысы малдың терісінен жасалған адам денесінің мүсіні. Жүрек тұсында шаншылып тұрға инелер мың өліп, мың тірілген қазақ халқының қайғы-қасіреті деп түсіндіреді ол.
Гүлнұр Мұқажанова, суретші:
- Көшпенділер уақытында ата-бабаларымыз қаншама қиындықтардан өткен осы күнге дейін. Бізге қалдырған салт-дәстүр, біздің мәдениетіміз бар. Менің негізгі мақсатым қазақтың әруақтарының рухын көрсету, сақтау, әлем халқына жеткізу, құрметтеу.
Бұл Гүлнұрдың Лондондағы үшінші көрмесі. Өзі Берлинде тұрады. 10 жылдан астам уақыттан бері өз өнер туындылары арқылы Германияда туған жерін танытып жүр. Тағы бір талантты отандасымыз Айғана Ғалидің де айтары бар. Шетелге жиі шығатын суретші бұл жолы “Тәңір” сериясына кіретін картиналарын әкелген. Өмірдің қалай бастау алып, жалғасатынын жеткізуге тырысқан.
Айғана Ғали, суретші:
- Мен үшін мәдениетімізді паш ету өте маңызды. Менің ойымша, біздің ешкімге ұқсамайтын менталитетіміз бар және оны баршаға түсінікті тілмен, өнер тілімен жеткізу қажет-ақ.
«Орталық Азия өкілдерінің өнер туындыларын тамашалау британ жұртшылығы үшін әрдайым қызықты. Бірақ қазақстандықтардың көрмелері Лондонда жиі өтпейді. Жаһандану жағдайында ұлттық бірегейлікті сақтауға септігі тиетін іс-шараға келген шетелдік көрермендер біраз рухани байып қалдық» дейді.
Алексис Де Тизенгаузен, көрермен
- Суретшілер өте талантты және олар халықаралық деңгейде танылуы керек. Меніңше, Еуропа халқы Қазақстанның заманауи өнері туралы әзірге біле бермейді. Ал мұндай галереялар - өте қажет насихат құралы.
Қазақстандық авторлардың еңбектерімен таныс өнер жанашырлары жеке топтамаларын толықтыру үшін олардың картиналары мен мүсіндерін жиі сатып алады екен. “Ал бұл бізді ынталандырып, әрі қарай еңбектенуге шабыт береді”, - дейді дарын иелері. Көрме 15-ші қазанға дейін жалғаспақ.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы