Қазақстандықтар Берлин марафонына қатысты
Қазақстандықтар әйгілі Берлин марафонына қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Әлемнің әр түкпірінен 48 мыңнан астам адам жиналған жарыста отандастарымыз қандай нәтиже көрсетті?
Берлин марафоны әлемдегі ең ірі 6 бұқаралық жарыстың қатарына кіреді. Германия астанасының көрікті орындарын қамтыған марафон бас-аяғы 42 шақырымға есептелген.
Родольфо, Berlin Marathon 2023 қатысушысы:
- Бұл – менің алғашқы марафоным. Оған 10 ай бұрын жаттығуды бастадым, аптасына 3-4 рет жүгірдім. Қиын болса да, Берлинді айналып өту қызық болып тұр.
Берлин марафонына қатысу үшін 100-ден астам отандасымыз келді. Олардың қатарында Павлодар облысындағы «Хабар» Агенттігінің меншікті тілшісі Ақмарал Есімханова да бар. 3 жыл бойы жүгіруді хоббиіне айналдырған Ақмарал әсерімен бөлісті.
Ақмарал Есімханова, Berlin Marathon 2023 қатысушысы:
- Бұл менің өмірімдегі ең керемет марафон ретінде есімде сақталады. Себебі осындай 50 мың адам әуесқой, кәсіби спортшылар жүгірген жолмен жүгіріп өтудің өзі бір ғанибет! Алға, Қазақстан!
Ақмарал үшін бұл – бесінші марафон. Күнделікті жаттығулар мен қатаң диета қашықтықты жеңуге көмектесті.
Ақмарал Есімханова, Berlin Marathon 2023 қатысушысы:
- Жалпы әуесқой жүгіруге осыдан шамамен 3 жыл бұрын келдім. Содан бері кәдімгідей жаттықтырушымен жаттығамын. Бұл – үлкен еңбек. Жарысқа келмес бұрын денсаулығымды тексеремін. Жаттықтыру бағдарламасы бар. Жаттықтырушы не айтады, соны орындаймыз.
Ақмарал сияқты жүгіруді ерекше жақсы көретін 48 мыңнан астам қатысушы әлемнің 150 елінен Германия астанасына арнайы келген. Осы атмосфераны сезіну үшін олар мыңдаған шақырым жол жүруге дайын.
Фернандо, Berlin Marathon 2023 қатысушысы:
- Мен Колумбиядан келдім. 12 сағат әуеде өткізіп, Берлинге жеттім. Жүгіру – менің өмір салтым. Берлин көшелерімен жүгіруден үлкен рақат алдым. Шаршап қалмау үшін дұрыс дем алуға тырыстым.
Сонымен мәре сызығына алғаш болып жеткен – кениялық Элиуд Кипчоге. Ол осымен Берлин марафонында қатарынан 5-рет жеңіп тұр. Ал әйелдер арасында Эфиопиядан келген Тигист Ассефа ең жылдам атанды. 2 сағат 11 минут 53 секундта ол бірінші болып қашықтықты жүгіріп өтті.
Авторлары: Сымбат Ғалымжанқызы, Шолпан Найманбаева.