«Түркістан-Самарқан» бағыты жанданады

Дүниежүзілік туризм ұйымының 25-ші сессиясы биыл Өзбекстанда өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көрші ел мәртебелі жиынды ұйымдастыру құқығын алғаш рет иеленді. Ташкент туризм саласындағы әлеуетін таныстырып, Қазақстанмен бірлесіп әзірленген бағытты әлемге насихаттауды жоспарлап отыр.

Бұл – Бұхарада ХІХ ғасырға дейін билік құрған хан резиденциясы. Ел аузында «Арк» деп аталып кеткен нысан қазір қайта жаңғыртылып жатыр. Өзбекстан үкіметі тарихи орынды көздің қарашығындай қорғап, шетелдік саяхатшылар назарына ұсынуға ниетті. Ал ежелгі Әмір Темір мемлекетінің астанасы Самарқанда зиярат туризмі кең қанат жайған. Жергілікті халық бай мәдени мұраны жан-жақты насихаттауға атсалысады. Ата кәсібін дәріптеп, табыс тауып жүргендер де бар.

Дильноза Ғаниева, саяхат турын ұйымдастырушы:

- Самарқанда нағыз ісмерлер жұмыс істейтін 2 фабрика бар. Біріншісінде әйелдер осындай кілем тоқумен айналысады. Бұл – біздің ежелден келе жатқан дәстүріміз. Жібек жіптен жасаймыз. Қалада ежелгі қағаз шеберханасы да жұмыс істеп тұр. Оған туристер бұйымның жасалу әдісін көру үшін арнайы келеді.

Қазақстан мен Өзбекстан кейінгі жылдары ортақ туризм бағытын іске қосты. Ол Түркістаннан басталып, Самарқанда жалғасады. Қос өңірдің киелі жерлеріне қызығушылық әуелден басым. Самарқанның сан ғасырдан бергі сәні Регистан болса, Түркістанның тұтас түркі әлеміне тән мақтанышы – Әзірет Сұлтан кесенесі. 

Ежелден Қазақ хандығының ордасы болған мекенде тәу етіп баратын жер жетіп артылады. Өңірдегі киелі орындар картасына 50-дей нысан енгізілген.

Әзиз Әбдухакимов, Өзбекстанның Экология, қоршаған орта және климаттық өзгеріс министрі:

- Туризм саласында көршілес Қазақстан, Тәжікстан секілді елдермен тығыз байланыс орнаттық. Алыс шетелден келетін меймандарға бір саяхат аясында бірнеше көне қалаға тұрақтау мүмкіндігін ұсынғымыз келеді. Мәселен, Түркістан – тұтас түркі әлемінің рухани астанасы, ал Самарқан, Хиуа, Қоқан сынды шаһарлар ислам өркениетінің орталығы ретінде туристерге қызықты болуы мүмкін.

Осы саяхат бағыты қазан айында Самарқанда өтетін дүниежүзілік туризм ұйымының 25-ші сессиясында кең насихатталады. Орталық Азия төңірегінде екінші рет ұйымдастырылатын іс-шараға көршілес елдер де қатысып, саладағы бай әлеуетін көрсетуді көздеп отыр. Бұған дейін мұндай саммит Астанада өткен еді. Самарқандағы сессияға әлемнің 160 мемлекетінен сала майталмандары мен туристік компания жетекшілері жиналады. Инвестициялық келісімдер жасалып, жаңа саяхат түрлері мен бағыт-бағдарлар енгізіледі деп күтілуде.

Авторы: Рауан Мыңбаев.