Отандық атом өнеркәсібінің жетістіктері халықаралық жиында паш етілді
Отандық атом өнеркәсібінің жетістіктеріне әлемдік деңгейдегі беделді ұйым өкілдері жоғары баға берді.
Біздің әлеует Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің 67-ші конференциясында паш етілді. Халықаралық жиын Австрия астанасы Венада өтіп жатыр.
«Атом энергиясын өндіруден қазір қауіп аз». Халықаралық агенттік басшысы конференцияны осылай бастады. Жиынға 177 мемлекеттен өкілдер келген. Қазақстан ғаламдық атом қауіпсіздігінің инфрақұрылымында жетекші рөлге ие. Еліміз бүгінде аз байытылған уран қорын сақтаудан онкологиялық ауруларды емдеуге қолдау көрсетуге дейінгі әртүрлі бағдарламаларға белсене атсалысып жүр.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Бұл салада Қазақстанның және «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы мен ғылыми институттарымыздың беделі жоғары. Еліміздегі атом өнеркәсібін дамыту және «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының стратегиялық даму жоспары әлемдік талаптармен толық үндеседі. Онда барлық халықаралық трендтер мен сын-қатерлер ескерілген. Экономиканың дәл осы бағытын дамытуға біздің әлеуетіміз толық жетеді.
Қазір әлемде 60-қа жуық реактор салынып жатыр. Бұдан басқа, 100-ге жуық нысанның құрылысы жобаланған. Тағы 300-і зерттелу үстінде. Қазір Қазақстанда аз байытылған уранға көшу технологиялары әзірленіп жатыр. Бұған дейін елімізде ядролық отын өндірісінің жаңа циклі іске қосылған болатын.
Ержан Мұқанов, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы:
- Бұл жоба 2021 жылы қолға алынды. Биыл Қытайдың атом электр станцияларына жылу бөлетін қондығыларды бірнеше рет жеткіздік. Тапсырыстар әлі бар. Оларды жыл соңына дейін орындауымыз керек. Осы жоба арқылы Қазақстан мен «Қазатомөнеркәсіп» ядролық отын циклінің келесі деңгейіне өтті. Бірлескен кәсіпорын алдағы 20 жылға жететін қор жинап алды.
Біздің делегация атом электр станцияларына арналған отынның бағасын дамушы елдер үшін қолжетімді қылу жолдарын ұсынды. Ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан Қазақстан бейбіт атом өнеркәсібінің анағұрлым тиімді моделін құруды көздеп отыр.
Рафаэль Гросси, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің бас директоры:
- Қазақстан атом энергиясы жөніндегі ұлттық бағдарламасын жетілдіруге барын салып жатқанын жақсы білеміз. Яғни, қоғамдық тыңдаулар өткізіп, техникалық дайындықты күшейтіп жатыр. Осы бағытта біз сіздерге көмектесуге мүдделіміз. Біздің тарапымыздан техникалық қолдау бұрыннан бар.
Атом энергиясын бейбіт мақсатта қолдану аясы кеңейе бермек. Бұл – конференцияға қатысушылардың бұлжымас талабы. Радиациялық технологиялардың түрлі ауруларды анықтап-емдеу, өндірістегі олқылықтарды дәл анықтау үшін бұрынан кеңінен қолданылып келеді. Ал кейінгі зерттеулер түрлі індеттің алдын алуға және мұхитты ластанудан қорғауға септесе бастады. Тек осы бағыттағы ынтымақтастықты нығайтып, тәжірибе алмасу ісін тереңдету қажет.
Авторлары: С.Ғ, Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан.