Климаттың өзгеруімен күрес жаңа деңгейге шықты. Шартарап

 Жаһандық жылынуға төтеп беру үшін әлем халқы білек сыбана кірісті.

Өкінішке қарай, Ұлыбритания үкіметі зиянды қалдық көлемін қысқарту жоспарын межелеген мерзімде іске асыра алмайтын болды.

Бүгінде әлем бойынша «ғаламдық жылынудың алдын алып, климаттың өзгеруіне жол бермеуіміз керек» деп ұрандату әдетке айналды. Бірақ нақты іс-тәжірибе көрсетіп отырғандай, бұл оңай және бірден шешілетін шаруа емес.

 

Британия бастапқы жоспарынан бас тартты

Ұлыбритания ауаға бөлінетін зиянды қалдық көлемін азайтуға қатысты жариялаған бастапқы жоспарынан бас тартты. Осының алдында үкімет жанармай және дизельмен жүретін жаңа көліктерді сатуды 2030 жылы біржола тоқтатамыз деп жар салған еді. Бірақ премьер-министр Риши Сунак асығыс қадам жасағанын мойындап, аталған шектеу мерзімін 2035 жылға дейін шегеретінін мәлімдеді. Сондай-ақ үйді газбен жылытуға да әзірге тыйым салынбайтын болды. Жергілікті зерттеу институты жүргізген сауалнамаға сүйенсек, британиялықтардың 50%-і Риши Сунактың шешімін қолдаған. Бірақ сарапшылар мұның теріс салдары бар деп есептейді.

Джесс Ралстон, энергетикалық және климаттық барлау басқармасының басшысы:

- Үкімет зиянды қалдық көлемін біржола жою саясатынан бас тартып жатыр. Бұл министрлер кабинетінде жүйелі жұмыстың және орнықты жоспардың жоқтығын білдіреді. Өйткені басында жариялаған жоспар өте қымбатқа түскелі тұр. Үкімет те, халық та бұған әлі дайын емес. Үйлерін газбен жылытып отырған адамдар әзірге одан бас тарта алмайды. Бірақ бұл өз кезегінде жасыл энергияға ақша құюды жоспарлап қойған инвесторлар үшін жаман жаңалық болмақ.

 

Антарктида мұзы жұқарып барады

Ғаламдық жылыну жер шарының ең суық бөлігіне де жетті. Антарктиданың мұз қабаты рекордты көлемде жұқарған. АҚШ-тың қар мен мұзға қатысты мәліметтерді сараптайтын ұлттық орталығы соңғы 37 жылда 1 миллион шаршы шақырым мұздың еріп кеткенін анықтады. Мамандар бұған мұхит суының жылынуы тікелей әсер етіп отыр дейді.

Ариан Пурич, климатолог:

- Құрлықтың экожүйесі үшін мұз өте маңызды. Ол көптеген жан-жануар мен жәндікке тіршілік нәрін береді. Былтыр қараша айында мұз әдеттегіден ерте еріп, патша пингвиндердің балапандары жүзіп кете алмады. Ақыры 9 мыңнан астамы суға батып, мерт болды. Жағдайдың қандай ауыр екенін осыдан-ақ көруге болады.

 

32 елдің үкіметін сотқа бермек

Ғаламдық жылыну мәселесі тек ересектерді ғана толғандырмайды. Португалияда 6 бала еуропадағы 32 елдің үкіметін Страсбургтегі Адам құқықтары жөніндегі еуропалық сотқа бергелі жатыр. Жеткіншектер «билік өкілдері климаттың өзгеруіне қарсы күресті тиісті деңгейде жүргізе алмай отыр» деп айыптайды. Бұл балалар өзін экобелсендіге жатқызбайды. Олар «бізді Жер шары мен болашақ ұрпақтың тағдыры алаңдатады» дейді.

София Сантос Оливейра, арызданушы:

- Үкіметтер климат дағдарысына байланысты түк істемей отыр. Мен осыған ренжимін. Шенеуніктер бұл мәселеге атүсті қарап, шешу жолдарын іске асыруды кейінге шегерумен келеді. Біз ғаламшарды қорғау экономиканы дамыту сияқты әрқашан өзекті болуы тиіс деп есептейміз.

Андре Сантос Оливейра, арызданушы:

- Егер біз нақты қадамдар жасамасақ, мұның зардабын болашақ ұрпақ тартады. Олар 40 градустан асатын аптап ыстықта үнемі өмір сүруге мәжбүр болады. Бұның адам ағзасына қаупі өте жоғары. Бұл – әділетсіздік. Жағдайды жақсарту үшін біз батыл әрекет етуіміз керек.

Заңгерлер балалардың бұл қадамын бұрын-соңды болмаған бірегей жағдай деп түсіндіреді. Өйткені климат мәселесінде бірнеше елге бірден осындай арыз ешқашан түскен емес. Егер сот олардың арыз-талабын дұрыс деп тапса, онда әлем елдерінің үкіметі климат саясатын қайта қарастыруға мәжбүр болуы әбден мүмкін.