Германияда вандализм оқиғалары көбейді
Кейінгі кезде экобелсенділер де бұзақылық жасауға әуестеніп алған.
Олар көне сәулет өнеріне тиесілі туындылар мен әлемдік деңгейдегі жауһарларды нысанаға алып жатыр. Мұның артында не тұр? Қауіп қандай?
Бұл – Бранденбург қақпасы. Берлиннің бойтұмары. 10 күн бұрын оған экобелсенділер бояу төгіп, бүлдіріп кеткен. Осылайша биліктің назарын климат мәселесіне аудармақ екен. Олар: «шұғыл шара қабылдамаса, адамзатты апат күтіп тұр», - дейді. Жергілікті жұрт табиғат жанашырларының тағылық әрекетін айыптап, жауапқа тартуды талап етіп жатыр.
Маргот, Берлин тұрғыны:
- Бұл әрекеттің климатты қорғауға еш қатысы жоқ. Наразылық акциясы деуге еш келмейді. Керісінше, бұл – тағылық әрекет. Сондықтан қақпаны олардың өзіне тазалату керек. Тіпті вандалдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту керек. Сол кезде ғана қателігін түсінетін шығар.
Мұндай оқиғалар тек Бранденбург қақпасымен шектелмейді. «Соңғы буын» қозғалысының өкілдері музей мен галереяларға басып кіріп, білгенін істеп жатыр. Бірде олар Ван Гогтың суретін бүлдіріп, кейін Клод Маненің картинасына картоп езбесін жаққан.
Нэнси Фезер, Германия Ішкі істер министрі:
- Мұндай акцияларды мүлдем қолдамаймын. Тәртіп бұзушылықты еш жақтамаймын. Өз басым климаттың өзгеруімен күресті тек демократиялық жолмен ғана жүргізуге болады деп есептеймін. Ал бұлардың әрекеті, керісінше, теріс әсер етіп жатқандай.
«Соңғы буын» мүшелері өздерін жолға желімдеп, көлік қозғалысына кедергі келтіріп те шулатып жүр. Жақында шектен шыққан бір белсенді 8 айға бас сотталды. Қазір Берлиннің өзінде осындай 2,5 мыңнан астам іс қаралу үстінде.
Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский.