Ташкенттегі жарылыстан қойманың 15 гектары отқа оранды
Ташкенттің Сіргелі ауданында болған жойқын жарылыстан 2006 жылы туған жасөспірім көз жұмды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қоймадағы төтенше жағдай салдарынан маңайдағы елді мекен тұрғындары зиян шекті. Түнгі үштер шамасында тұтанған өрттің соңы дүмпуге ұласып, 30 шақырым аумақтағы ғимарат, үйлер, қирап қалды. Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, тағы 163 адам жараланып, оның 30-ы ауруханаға жеткізілді.
Қойма, кеден органдарына тиесілі болған. Ғимарат ішінде электромобильге арналған аккумуляторлар сақталған деген дерек бар. Дегенмен нақты мәлімет жарияланған жоқ. Жергілікті БАҚ мәліметіне сүйенсек, қаза тапқан баланың басына құрылыс бөлшегі түскен. Өртті толық ауыздықтау үшін тікұшақтар көкке көтерілді. Әлі де болса құтқарушылар жұмыс істеп жатыр. Ресми органдар жарылыстың себеп-салдарын анықтауға кірісті.
Саёра Ерімбетова, жергілікті тұрғын:
- Әлі де болса есімізді жия алмай отырмыз. Төбемізден жарылғыш зат түскендей. Түнгі 3-те жарылыс болды. Содан өрт 3 сағатқа ұласты. Біз қойманың жанында тұрамыз. Үйлеріміз өртеніп кете ме деп алаңдадық. Әйтеуір жақындамады. Енді бізге көмек көрсетіледі деген үміттеміз.
Жарылыс салдарынан дүние-мүлкіне зақым келген үй иелері мен кәсіпкерлерге көмек көрсетіледі. Тек уақытылы call-орталыққа хабарласып, өтініш білдіруі тиіс. Қойманың жалпы аумағы 45 мың шаршы метрден асады. Соның 15 гектары отқа оранды. Өртті уақытылы оқшаулау нәтижесінде қалған бөлігіне қызыл жалын жіберілмеді. Кәсіпкерлердің шығыны есептеліп жатыр.
Ориф Иньёмов, Республикалық жедел медициналық көмек көрсету орталығының дәрігері:
- 2 адам стационарға жатқызылды. Қалғаны үйіне қайтарылды. Жарақаттары жеңіл. Амбулаторлық еммен шектелуге болады. Барлығының жағдайы біздің назарымызда болады. Көбі жарылыстан кейін қорқып қалған.