Бішкекте қазақ спектаклінің премьерасы өтті

Бішкекте «Арт-Ордо» 9-шы халықаралық театр фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айтулы іс-шара аясында Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» спектаклінің премьерасы өтті.

Бішкектіктер Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының спектаклін зор ықыласпен қабылдады. Сахнада актерлардан басқа, оркестр де өнер көрсеткен. Бұл драмалық шығарманың әсерін арттыра түсті. Осылайша, автор классикалық құр баяндаудан бас тартып, Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың махаббат хикаясын заманауи тәсілде жеткізе білген.

Шах-Мұрат Ордабаев, театр актері:

- Бұл спектакль шетелдегі фестивальге алғаш рет ұсынылды, сондықтан біз, әрине, қобалжимыз. Оның үстіне біз көппіз, мұнда артистер ғана емес, халық оркестрі де бар. Нәтижесінде айрықша сценография жасалды. Сондықтан біз опера театрының сахнасында өнер көрсетіп жатырмыз. Бізге драма енді аздық етеді.

Халық аспаптар оркестрі барлық музыкалық партияларды жанды мәнерде орындап, спектальге өзгеше сипат берді. Сахнада ескі заман хикаясы заманауи әуенмен өрбіп отырды. Тіпті Майкл Джексонның да әндерінен үзінді берілген.

Айболат Жәудір, Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының директоры:

- Cпектакліміздің режиссёрі – Гүлназ Балпейісова, қазіргі таңда Мәскеудегі Вахтангов театрының режиссёрі. Қоюшы-суретшісі – Қанат Мұратов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Және дирижері – Марал Мырзакұлова. Бұл жерде спектакль жанды дауыста өтеді.

Халықаралық театр фестиваліне Қазақстаннан басқа, Түркия, Өзбекстан, Ресей мен Беларусь те қатысып жатыр. Олар қойған спектакльдерді қазылар алқасы бағалайды. Сарапшылар қазақ спектаклінің үздік атануға мүмкіндігі мол дейді.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ернат Мелсұлы, Бақыт Чермашев.