Қ. Тоқаев Германияда екі елдің іскер тобымен кездесті
Қазақстан өңірдің азық-түлік хабына айналуды жоспарлап отыр.
Осы мақсатта өнім өндіру, сақтау және тарату жұмыстарын ұштастыратын сауда-логистикалық байланыстардың өңіраралық жүйесі құрылады. Мұны Берлинде Мемлекет басшысы айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Германияда екі елдің іскер тобымен кездесті.
Германия елімізге 6 миллиард долларға жуық инвестиция салған. Мұның 90 пайызға жуығы шикізаттық емес секторға тиесілі. Жалпы бізде неміс капиталы құйылған мыңнан астам компания жұмыс істейді. Германия технологиясымен қызықтырса, Қазақстан табиғи ресурсқа бай. Мемлекет басшысы Еуропа өнеркәсібіне қажетті шикізат жеткізуде сенімді серіктес болуға дайынбыз деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- 2040 жылға қарай маңызды материалдар мен сирек кездесетін металдарға әлемдік сұраныс төрт есе артады деген болжам бар. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Қазақстанда құны 46 триллион доллардан асатын бес мыңнан аса барлау жасалмаған кен орны бар. Сондықтан мен Канцлерге бірлескен шикізатты игеру жобаларын жүзеге асыру үшін Консорциум құруды ұсындым. Бұл бастама үкіметаралық серіктестік туралы қолданыстағы келісімдермен қатар, ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Мен Германияның жеке инвесторларын осы Консорциумға қосылуға шақырамын.
Жолын тапсаң, жаңартылатын энергия көздері де көл көсір пайда әкеледі. Қазақстан «жасыл» сутегін өндіруде әлемде жетекші ел бола алады. Бұл іске Германия технологиясын тартсақ, ұтарымыз көп.
Ынтымақтастықтың тағы бір саласы – ауыл шаруашылығы. Біздің елде - агро өнімнің түр-түрі шығады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан өңірдің азық-түлік хабына айналуды жоспарлап отыр. Осы мақсатта өнім өндіру, сақтау және тарату жұмыстарын ұштастыратын сауда-логистикалық байланыстардың өңіраралық жүйесі құрылады. Қазақстанның ауыл шаруашылығын орнықты дамытуға әртүрлі салада, соның ішінде биотехнологияға және тыңайтқыштар өндіруге, спутник арқылы зондтауға және жасанды интеллектіге, ауыл шаруашылығы техникасын шығаруға, ирригацияға, сондай-ақ тамақ өнеркәсібіне, генетика мен жаңартылатын энергия көздеріне маманданған Германияның көптеген компаниясы тартылуы мүмкін.
Қазақ пен неміс серіктестігіне серпін беретін және бір сала - IT технология. Бұл бағытта Қазақстан көпке үлгі. Біздің цифрлық әлеуетті өзгелер жоғары бағалайды. Бұған дәлел - БҰҰ еліміздегі электронды үкімет жүйесін үздік отыздыққа енгізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз IT өнімдер мен қызметтер экспортын 1 миллиард долларға дейін ұлғайтуды және 2025 жылға қарай жаһандық деңгейдегі бәсекеге қабілетті 100 мың IT маман дайындау арқылы адами капиталды нығайтуды жоспарлап отырмыз. Біз германиялық серіктестерімізбен ынтымақтастықтың бірнеше бағыты бойынша, соның ішінде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар, стартаптар, білім беру, байланыстар және басқа да өзекті салалардағы жобаларды іске асыруға дайынбыз.
Адами капиталды дамыту және инвестиция тарту - ынтымақтастықтың басым бағыты болмақ. Қазір бізде немістің инженерлік және ғылым мен технология институттарын ашу көзделіп отыр.
Ал инвестиция құямын дегендерге «Астана» халықаралық қаржы орталығы арқылы барлық жағдай жасалады. Мақсат – Германиямен бірлесіп жаңа өндіріс орындарын ашу һәм елге неміс технологиясын тарту.
Авторы: Қорған Қонысбайұлы