Түрлі роботтар көбейіп жатыр
Технология дамыған сайын автоматты құралдарға деген сұраныс артып келеді.
Әлемдік тәжірибе жолаушы тасымалы, мейрамхана, коммуналдық қызмет сынды маңызды салаларда робот көмекшінің қызметін құптап отыр.
Мейрамхана индустриясы технологияның игілігін сезініп, тиімділігін көре бастады. Робот даяшылар қонақтар қатарын көбейтуге септесіп жүр.
Ахмед Шериф, кәсіпкер:
- Робот даяшы қызмет көрсету сапасын арттырып, істің жылдам әрі өнімді жүруіне көмектеседі. Бүгінде хирургиялық оталар өзі роботтың көмегімен жасалады. Олар келешекте халыққа қызмет көрсету саласына денден енуі мүмкін. Десе де келушілермен сөйлесіп, пікір алмасу үшін бәрібір адамның көмегі қажет болады.
Темір даяшының өз есімі бар. "Кән" әзірге тапсырыс қабылдай алмайды, бірақ дайын өнімді тез жеткізіп береді.
Джесси Номес, даяшы:
"Біз тапсырысты дайындап, үстел нөмірін басып, роботқа сканерлеу арқылы тапсырма береміз. Ол тамақты тиісті жерге апарып береді."
Ал мына неміс компаниясы өңдеп шығарған робот машиналар 2-3 адамның қызметін атқарады. Олар күндіз жолаушы мен жүк тасыса, кешке қоқыс жинау, газон қырқу, көше тазалау сияқты коммуналдық жұмыстарды істейді.
Йоханнес Бракман, компания директоры:
- Citybot роботтары модульдік жүйенің қысымына ұшырамайтын шектеулі аумақтарда ғана жұмыс істейді. Тәулік бойы тоқтама жүре алады. Алдында кездескен кедергіні сенсоры арқылы көріп, айналып өтуге икемделген.
Ғалымдар болашақта бүкіл әлем автоматтандырылған жүйеге толығымен көшеді деп болжайды. Бұл шығынның азайып, жұмыстың жеңілдеуіне мүмкіндік бермек. Бірақ сарапшылар бұл үрдіске адамзаттың бейімделуі қиындық тудыруы мүмкін дейді.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева