Франциядағы ядролық қауіпсіздікті қадағалау жүйесі
Францияда атом электр станцияларының айналасындағы елді мекендерде ерекше қауіпсіздік жүйесі қолданылады.
Ол нысандардың тұтастығын Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық агенттік пен оның жергілікті комиссиялары қадағалайды. Бұл құрамға АЭС-тің маңайындағы тұрғындар да кіреді.
Францияда 56 атом электр станциясы бар. Олардың маңында 3 миллион адам тұрады. Бұл тұрғындар ядролық нысандардың қалай жұмыс істейтіндігінен толық хабардар болып қана қоймай, сонымен қоса төтенше жағдай кезінде талапқа сай әрекет ете білуге міндеттеледі.
Жан-Клод Делалонд, жергілікті ақпараттандыру комиссиялар қауымдастығының президенті:
- Атом энергетикасы дегенді басында ешкім түсінген жоқ, бұл үлкен қорқыныш тудырды. Ол көбіне ядролық қарумен байланыстырылатын. Адамдар "мұнда энергия өндіріледі, егер ол жарылса бәріміз қырыламыз" деген ойдың жетегінде жүрді. 70-ші жылдары экобелсенділердің қозғалысы күшейді. Осыдан кейін үкімет халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек деген шешім қабылдады.
Кейін бұл комиссиялар түсіндіру жұмысынан басқа ядролық нысандарды басқару ісіне де белсене араласа бастады. Қазір барлығы 35 комиссия жұмыс істейді. Оларға аймақ басшылары, сарапшылар, сала мамандары мен "Гринпис" секілді қоғамдық ұйымдар кіреді. Комиссия станция маңында 20 шақырым аумақта тұратын халықтың мүддесін қорғайды және АЭС төлейтін салықтың, сондай-ақ Ядролық қауіпсіздік агенттігінің есебінен қаржыландырылады.
Ивлин Друэз, Ла-Манш жергілікті ақпараттандыру комиссиясының мүшесі:
- Біз өзіміз атом электр станциясының жанында 50 жылдан бері тұрамыз. Бұған дейін бірде бір апатты жағдай тіркелген емес. Әрине бұл қатаң қауіпсіздік ережелері мен мамандардың арқасында болып отыр. Әуелде тұрғындар арасында алаңдаушылық басым болатын. Қазір ешкімде ондай қорқыныш жоқ.
Жиль Компанья, Гольфеш жергілікті ақпараттандыру комиссиясының вице-президенті:
- Бізде атом электр станциясына 5 шақырым жақын тұратын тұрғындардың өзі еш алаңсыз өмір сүреді. Әр ауылдың төтенше жағдайда әрекет ету жоспары бар. Қазақстандықтарға "атом станциясы - ядролық қару емес" деп айтқым келеді. "Жаман айтпай, жақсы жоқ". Нысанда апат болуы да мүмкін. Бірақ ол ядролық қару сияқты жарылмайды. Халық осыны түсінуі керек.
Біздің мемлекетте атом электр станциясын салуға қатысты референдум өткізу туралы шешімге француздар қолдау білдіріп жатыр. Бірақ азаматтарға дұрыс таңдау жасау үшін атом энергетикасы жайлы көбірек ақпарат берілу керек дейді.
Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан