Әлемде босқын балалардың саны күрт өсті

Әлемде босқын балалардың саны күрт өсті

Баспанасын тастап, қоныстарынан амалсыз кетуге өрт пен су апаты себеп.

Юнисеф сарапшыларының сөзінше алдағы 30 жылда 113 миллион баланың баспанасыз қалу қаупі бар.

Бұл - он жастағы Гарима Кумар. Қазір ол отбасымен босқындар лагерін паналауға мәжбүр. Бәрі - тасқынның кесірі.

Гарима Кумар, босқын:

- Үйімді су шайып кеткенін мектептегі оқушылар біледі. Сол себепті мені үнемі мазақ етеді. Тасқын кітаптарымның түгін қалдырмаған, қиратып құртты. Енді мектепке қашан баратыным белгісіз.

Үндістан мен Қытайдағы жағдай да күрделі. Табиғат апатынан былтыр мыңдаған баланың талай рет қоныс аударуына тура келді. АҚШ пен Канадада да осыған ұқсас жағдай. Босқын балалар қатары артқан үштікте Филиппин де бар.

Шив Кумар, босқын:

- Балаларымыз су тасқынынан қатты зардап шекті. Апатты жағдайда нестеу керектігін білмейтін өрімдей өрендер үшін бұл үлкен күйзеліс. Біз олардың жаңа ортаға бейімделуіне қолдан келгенше көмектесуге тырысамыз. 

БҰҰ-ның дерегі бойынша, 2016-2021 жылдары табиғи апаттан кейін 134 миллион тұрғын босып кеткен. Оның 43 миллионы - жеткіншек. Мамандардың айтуынша, әлемде күніне 20 мың босқын бала тіркеледі.

АҚШ, Нью-Йорк

Лаура Хили, ЮНИСЕФ-тің көші-қон жөніндегі маманы:

- Балалардың бір-ақ сәтте босқынға айналуы өміріне қауіп тудырады. Қираған үйін, жоғалған жақындарын өз көзімен көрген балғынның жүйкесі сыр беріп, үлкен күйзеліске ұшырайды. Ата-анасынан алшақ бала зорлық-зомбылық, адам саудасы, қанау сынды қылмыстардың құрбаны болуы әбден мүмкін. Ол аздай, медициналық қызмет, білім де ала алмайды.

Өзекті мәселеге ЮНИСЕФ ұйымы қатты алаңдаулы. Сондықтан әлем елдерін бұл проблемаға баса назар аударуға шақырып жатыр. Мәселен, қазір ұйымның өзі балаларды медициналық қызметпен қамтамасыз етіп, оларды қолдауға күш салып жатыр.

Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Әсел Әбдіқалықова