Бейжің жазбалары. Қытайда "Қошқар мүйіз" қайдан жүр?
Қытай астанасы Бейжің қаласына жолымыз түскен бір сапарда қытай мәдениетінің бізге беймәлім тұстары жайлы жазуға тырыстық.
Мин әулеті император сарайын («Жабық қала») салу арқылы өзін сыртқы жау мен ішкі қауіптен қорғап қана қойған жоқ. 6 ғасыр бойы сақталған осы бір ғажайып кешен арқылы ғылымын одан әрі дамытып, сан ғасырлық мәдениетін, тарихын сақтап қалды. Осы сарайда небір келіссөздер жүрді. Сауданы да қыздырды.
Ұлы Жібек жолының бастауында тұрған бұл ел - бір ғана осы Гугун музейі арқылы ежелгі мәдениеттің пұшпақтарын осы заманға жеткізіп отыр.
«Жабық қаладағы» әр қақпаның арасындағы жол мәрмәрдан төселген. Бұл тастарды заманында елдің оңтүстігінен жеткізген дейді. Ал ғимараттарды ағаштан қиып салған. Сол ғимараттарға көтерілетін баспалдақтар да, оның қапталдары да, ескерткіштер, мерекеде от жағып, түтін шығаратын «самауырлар» тұрған тұғырлар да мәрмәрдан қашалған. Оюлап, өрнектеп, өріп тастаған. Ең қызығы ондағы оюлардың бірсыпырасы –қазақтың кәдімгі қошқар мүйіз оюы.
Ал «қошқар мүйіздің» тарихы бізді ерте дәуірге жетелейді. Ол б.з.д. Алтайдан табылған.
Екі елдің ортасын кеңес өкіметі шорт кесті демесеңіз, бір заманда қытай қазақпен қоян-қолтық араласқанын байқайсыз.
Ежелгі грек, біздегі Қожаахмет Яссауи кесенесінде көп кездесетін свастика да осында қолданылған.
Тарихқа жүгінсек Яссауи кесенесінің құрылысы аяқталғанда, бұл жақта «Жабық қала» салына бастаған.
Бұл біздіңше Әмір Темір құбылаға бет бұрған мезгіл.
Арман Әмен,
«Хабар-24» арнасының редакторы
(Басы мына жерде. Жалғасы бар)