Кореяда Семей полигонының құрбандары туралы фильмі көрсетілді

Оңтүстік Кореяда Семей ядролық полигонының құрбандары туралы фильмі көрсетілді.

Қазақ киносының әлемдік премьерасы осы елдің екінші ірі қаласы Пусанда өтті.

Владислав Цой, тілші:

- Қазақтың «Айқай» фильмі Пусан халықаралық кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына енген жоқ.  Ол «Азия киносына терезе» номинациясына ұсынылды.  Бұл бағдарлама құрлықтың ең үздік 30 фильмі бар, оның ішінде «Айқай» Орталық Азиядан қатысқан жалғыз  кино. 

«Айқай» фильмі Семей ядролық полигонындағы сынақтардан зардап шеккен адамдар туралы баяндайды. Фильмде басты кейіпкерлерді кәсіби емес актерлар сомдайды. Мэлс рөлі 20 жасында екі аяғынан айырылған Орынбек Шаймағамбетовке бұйырды. Ал оның ұлын 6-сынып оқушысы Арнұр Акрам ойнайды. 

Кенжебек Шайқақов, режиссер:

- Белгілі бір детальдарды белгілі бір сәттерді біз өмірден сол жергілікті тұрғындардың айтуы бойынша олардың өмірінде болған оқиғаларды жиынтықтап осындай жүйе құрып шықтық. Фильмнің жалпы ойы, жалпы барлық атмосферасы осы біздің Азиядағы халықтарға түсінікті деп ойлаймын. Өйткені мына Жапониядағы екі бомбаны тасталуы ол да біздің тағдырымызға ұқсас.

Фильмді көруге ядролық жарылыстардың зардабын тартқан Қазақстанның Пусандағы бас консулы Аян Қашабаев келді. Оның айтуынша, «Айқай» фильмі өте шынайы түсірілген. 

Аян Қашбаев, Қазақстанның Пусандағы бас консулы:

- Сынақтар болған кезде өзі табиғат өзгеретін. Жанағы ана баланың мұрнынан қан ағуы ол бізде кездесіп тұрды сол кезде. Содан кейін магитная буря деген нәрсе сол есіме түсті сол кез. 

Кей көрермен Қазақстан аумағында ядролық сынақтар жүргізілгенін енді ғана білді. 

Хон Сан У, кинотанушы:

- Бұл фильм арқылы біз Қазақстанның тарихын аздап түсіне аламыз, кеңес заманында осындай ядролық сынақтар жүргізілгені туралы білдік. Корея тұрғындары бұдан хабары аз. 

«Айқай» фильмі Пусанда 3 күн бойы көрсетіледі. Осы уақыт ішінде оны көрермендер ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен келген кинотанушылары да тамашалайды. 

Владислав Цой, Ольга Лян