Бразилиядағы Амазон өзеніне қауіп төнді
Бразилиядағы әйгілі Амазонға құятын өзеннің бірі кеуіп барады.
Бұл әрине жергілікті фауна мен флораға қауіп. Тіршілігі тікелей осы өзен суына кіріптар ауылдардың да жойылып кету қаупі жоғары.
Енді осы құрғақшылыққа ел Үкіметі не істей алады? Амазонды сақтап қалудың қандай амалы бар?
Әйгілі Амазон өзеніне құятын Пуракеквара өзені жыл өткен сайын тартылып барады. Ал оның суы арқылы күнелтіп отырған ауыл тұрғындары енді істерін білмей дал. Аймақта су жоқ.
Ивалмир Сильва, тұрғын:
- Мен суды үйіме жеткізу үшін құдық қазып жатырмын, өйткені көлдің суы тартылып қалған. Қазір қолдан келгенше суды үнемдеп жатырмыз. Өйткені жағдай нашарлай түссе, ең болмағанда ас әзірлейтін суымыз болуы керек қой.
Амазонға құятын Рио-Негро мен Солимоэнс өзендерінің түйісуін көру үшін арнайы келетін туристер алдымен осы ауылға тоқтайтын. Құрғақшылыққа байланысты оларды тасымалдайтын қайықтар балшыққа батқан. Сәйкесінше, туристер де сиреп кетті.
Исак Сисеро Родригес, тұрғын:
- Біздің ауылдың тағдыры қыл үстінде тұр. Тастап көшіп кете алмаймыз. Туған ауылымыздың тағдыры алаңдатады.
Отенисио Рикардо Де Лима, тұрғын:
- Балық аулау мүмкін емес, азық-түлік сату тұралап тұр.
Ресми мәліметке сәйкес, қазір бұл аймақта су тапшылығының зардабын 111 мың адам тартып отыр. Өз кезегінде Бразилияның азаматтық қорғаныс агенттігі құрғақшылық Амазон бассейнінде 500 000 адам өміріне кері әсер етуі мүмкін айтады.
Раймундо Силва Ду Карму, тұрғын:
- Бізге көмек ауадай қажет. Аймақта балық аулау қиындап кеткендіктен, біздің дүкенімізде сауда жүрмей тұр. Күнімізді әрең көріп отырмыз.
Бразилия үкіметі рекордтық құрғақшылықтан зардап шеккен Амазон аймағының тұрғындарына төтенше көмек көрсетуге дайындалып жатқанын мәлімдеді. Амазондағы құрғақшылық, Бразилияның оңтүстігіндегі су тасқыны сияқты, Тынық мұхитының жерүсті суларын қыздыратын Эль-Ниньо құбылысының нәтижесі, дейді сарапшылар.
Сымбат Ғалымжан