Францияда қандала қаптап кетті
Францияның бірнеше мектебі қандала қаптап кеткендіктен, уақытша жабылды.
Білім министрлігі зиянкестер оқу орындарының сыныптары мен жатақханаларында тарап кеткенін хабарлайды. Қазір 5 мектеп жабылып, 1,5 мың оқушы қашықтан оқуға көшті. Жалпы ережеге сәйкес, алдағы демалыс 21 қазанда басталады, содан кейін мектептер түгел дезинфекцияланады. Бұған дейін жәндіктер, тұрғын үйлерде, ауруханаларда, кинотеатр мен кітапханаларда табылды. Тіпті қоғамдық көліктерде де анықталған. Ел билігі Париж олимпиадасы басталғанға дейін зиянкестермен күресу үшін барлық тиісті шараларды қабылдау керек, деп мәлімдеді.