Таяу Шығыстағы қақтығыс аймақтарында жүрген отандастарымызға сақ болу ескертілді
Израиль Газа секторындағы ХАМАС қозғалысының бекіністеріне соққы беріп жатыр.
Әскерилердің мәлімдеуінше, қарулы топтың 400-ден астам сарбазының көзі жойылып, 20-дан астамы қолға түскен. Ресми Тель-Авив Газа өңірімен шекаралас аудандардағы қалалардан барлық тұрғынды шұғыл эвакуациялай бастады. Ал ХАМАС қозғалысы өкілдері Израиль аумағына 5 мыңға жуық зымыран ұшырып, Израильдің ондаған жауынгерін жер жастандырдық дейді. Тағы 35 сарбазды тұтқынға алған.
Еске сала кетейік, кеше Газа секторындағы палестиналық ХАМАС қозғалысы, Израиль аумағын зымырандармен атқылап, шекарадағы 20-дан аса мекенге басып кірген еді. Шабуыл кезінде Израильде 300-ден аса адам қаза тауып, 1800-ден аса тұрғын жараланған. Ал Израиль соққыларынан Газа секторында 230-дан аса адам көз жұмып, 1,5 мыңнан аса тұрғын жарақат алған.
Таяу Шығыстағы қауіпсіздік жағдайдың күрт шиеленісуіне байланысты Қазақстанның Израильдегі Елшілігі осы елде жүрген отандастарымызға сақ болуды ескертті. Бейсауат жүрмей, қауіпсіз орындарда отыруға кеңес беріп жатыр.
Қазақстанның Тель-Авивтегі елшілігінің байланыс телефондары:
(- кезекші) +972 (3) 741 78 05
(– ұялы) +972 55 273 38 13
(- whatsapp)+7 700 111 31 96