Бакуде 12 жылдан бері Абай орталығы жұмыс істеп тұр
Әзербайжан астанасы Бакуде 12 жылдан бері Абай орталығы жұмыс істеп тұр.
Орталыққа келген қауым ақынның өмірі, шығармашылығы, сондай-ақ қазақ халқының тарихы, мәдениеті және тілімен таныса алады. Әербайжандықтардың Абай мұрасына деген ықыласы ерекше. Бұл орталықтан бөлек ел астанасында Абай атында көше де бар.
Баку мемлекеттік университеті Түркология кафедрасының доценті Фатима Дурсунова түркі халықтарына ортақ мұраларды дәріптеп келеді. Ол өз студенттерін Абай шығармашылығымен таныстырып, Қазақстанның әдебиеті, мәдениеті мен тарихы туралы асқан сүйіспеншілікпен әңгімелейді. Өткенімізді ұмытпай, оны келешек ұрпаққа жеткізу - басты мақсатымыз дейді ғалым.
Фатима Дурсунова, түркология кафедрасының доценті:
"Біз қазақ жазушыларының шығармашылығын, қазақ тарихын тек студенттерге ғана емес, өзге де қызығушылық білдірген жандарға таныстырып келеміз. Бұл орталыққа келген әрбір адам қазақ халқымен түп-тамырымыздың бір екенін аңғарады".
Баку мемлекеттік университетінде Абай орталығы 2011 жылы ашылған. Сол кезден бері ұлы ақынның шығармашылығына тәнті жандардың қатары бір сиреген емес.
Айсун Мурсалова, студент:
"Абай Құнанбаевтың шығармашылығы бүкіл әлемге әйгілі. Бізге әсіресе ақынның "Қара сөздері" жақсы таныс. Бұл жинақтың тәрбиелік мәні зор. Тағылымы терең. Үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіруге үйретеді".
Эльза Гулиева, студент:
"Абай Құнанбаев тек жазушы ғана емес, сондай-ақ ол халқының қамын ойлаған тұлға. Әділетсіздікпен, надандықпен күрескен қайраткер. Қоғамдағы теріс әрекеттерді өзгертуге тырысты".
Әзербайжан халқының ұлы ақынның мұрасына деген ықыласы ерекше. Бұл орталықтан бөлек ел астанасында Абай атында көше де бар. Арнайы ескерткіш қойылып, бірқатар еңбектері әзербайжан тіліне аударылған.
Мехрибан Касумова, Фариза Жанғанаева