Қазақстан-Чехия бизнес форумы өтті

Қазақстан мен Чехия агроөнеркәсіп кешені және азық-түлік өнеркәсібі салаларында құны бірнеше ондаған млн долларға тең келісімдерге қол қоюы мүмкін.

Бұл туралы Чехия Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Марек Выборный елордада өткен бизнес-форумда айтты. Екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге арналған жиынға Қазақстанның Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков қатысты. Спикерлер тағы машина жасау, генетика, қаржы секторы және металл өңдеу салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға ниетті екенін жеткізді. Пленарлық отырыста еліміздің инвестициялық тартымдылығын "Kazakh Invest" ұлттық компаниясы таныстырды. Өткен жылы Чехия елімізге 20 млн доллар инвестиция құйған. Ал тәуелсіздік жылдары елге келген чехиялық қаржының жалпы көлемі 2,8 млрд доллардан асты.

Айта кеткен жөн, шетелдік меймандар бүгін Ақмола облысын аралап, ертең Түркістан өңіріне жол тартады.

Алтынай Мұқанова, "Kazakh Invest" ҰК" АҚ Еуропа елдерімен ынтымақтастық жөніндегі жетекшісі:

- Бұл бірінші кезекте Қазақстанға алғаш келген чехиялық компаниялардың қазақстандық әріптестерімен кездесуі, өзара танысуы, деп білеміз. Форум қорытындысы бойынша екіжақты кездесулер ұйымдастырылып, инвестициялық жобаларды қолдауға арналған шаралар таныстырылды. Қазақстан Еуропалық елдер үшін логистикалық хаб ретінде тартымды. Осыған байланысты инвестициялар жыл сайын арта береді деп ойлаймыз.