Бейжің жазбалары. Толық автоматтандырылған өндіріс (ФОТО)
Қытай астанасы Бейжің қаласына жолымыз түскен бір сапарда қытай мәдениетінің бізге беймәлім тұстары жайлы жазуға тырыстық.
JAC келе жатыр. Бірақ бұл концерн баяғыда-ақ келген. 2015 жылдан бері біздегі көлік саласындағы жетекші компаниялармен алыс-беріс жүргізіп, қазір бұларға тиесілі автомобильдердің түр-түрін біздің елде біраз адам мініп жүргені белгілі. Ендігісі бөлек келіс.
Қазақстанда көлік сатуда алғашқылардың қатарында болмағанмен көп ұзамай алдыңғы үштіктен көрінуі әбден мүмкін. Өйткені биылғы сауда біздің елге былтырғыға қарағанда үш есе көбейген. Яғни 701 автокөлік сатқан. Бағасы да шырқап тұрған жоқ. Қозғалтқышы 2000 текше см жеңіл көліктің Қытайдағы бағасы біздіңше 6-7 млн теңге. Соған қарағанда бізде қалталақтап жүрген Лада, одан қалды Cobalt-тың дәурені аз қалды білем.
Зауыт джип те, кроссовер де, минивендердің түр-түрін де шығарады. Бензин, тоқпен жүретіні, гибрид бәрі осында. Қазір әлемнің 130 еліне өз техникасын экспорттап отыр. Бұл зауыт күніне 40 шақты автомобиль шығарады.
Jianghuai Automobile Group Corp жалпы автобус пен жүк көліктерін және жүк артқыштардың түр-түрін жасайтын ірі құрылым.
Бұл зауыт көлікті толық құрастырады және бөлшектерді де өздері жасайды. Өзінен басқа 20 бағынышты кәсіпорны бар. Олардың төртеуі өндіріс.
Үрімшіде осы зауытты көрдік. Үлкен зауытта 300-дей ғана адам жұмыс істейді. Бірақ қара жұмысқа жегіліп жатқан жан жоқ. Керек-жарақты робот тасиды. Робот көлікті жинайды. Тек қадағалап, бағыттап тұратын тұстары бар. Толық автоматтандырылған өндіріс. Сайман тасып жүрген робот алдынан адам шыға қалса тоқтап жол береді. Бір қызығы көлікті бояйтын цех шағын, әрі бояудың исі шықпайды. Қасында тұрған адам ештеңе сезбейді, зиясыз.
Қазақтың ұл-қыздары да осы зауытта еңбек етіп жүр. Сондағы ағайын Ержанат Жекеннің айтуынша жұмыс уақыты таңертеңгі 10-да басталады. Жұмысшылар ел қатарлы 8 сағат жұмыс істейді. Сенбі-жексенбі – демалыс. Жалақылары біздің ақшамен 400 мыңдай. Мұның сыртында сыйақысы бар. Осында жұмыс істейтіндер көлік алатын болса, 20 пайыз жеңілдік беріледі. Яғни, таңдаған көліктің 80 пайызын төлесеңіз болды. Өзіңіз ғана емес, отбасыңыздағы өзге адам алса да солай.
Арман Әмен,
«Хабар-24» арнасының редакторы
(Басы мына жерде. Жалғасы бар)