Бішкекте ТМД Сыртқы істер министрлері кездесті
Тәуелсіз мемлекеттер достастығы жанынан бақылаушылар және серіктес елдер санатын құру қажет.
Бішкекте өткен ТМД елдері Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында еліміздің Премьер-министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу осындай ұсыныс айтты. Енді бұл бастаманы Достастыққа мүше мемлекет басшылары қарауы керек. Тек содан кейін ғана нақты іске асыру үдерісі қолға алынбақ. Тараптар басқосуда аймақтағы ынтымақтастық, қауіпсіздік, халықаралық лаңкестік және ұйымдасқан қылмыспен күрес мәселелерін ортаға салды. Кездесу соңында Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру тәуекелдерін бағалау бойынша халықаралық орталық құру туралы келісім-шартқа, қол қойды. Сондай-ақ алдағы 4 жылға арналған Қылмыспен бірлесіп күрес жөнінде мемлекетаралық бағдарлама мен Сот-сараптамалық қызмет саласында ТМД елдерінінің үйлестіруші кеңесін құру бойынша келісімге келді.