Сеул тұрғындары айтыспен танысты

Оңтүстік Кореяда Еуразия елдерімен мәдени алмасу фестивалі өтті.

Оған қазақ әртістер мен дизайнерлер қатысты.

Хан өзенінің жағасындағы саябақта 8 елдің әртістері өнер көрсетті. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова мен «Қорқыт» этно-фольклорлық тобы да сахна төріне көтерілді. Арасында айтыскер Данияр Алдабергенов жұртқа 3 тілде арнау жасады.

Д.Алдабергенов:
- Хюндай менен Киа дейтін көліктерді бүгін де бар әлемін таныды. Қазақстан өз үлесін қосып жатыр Кореяның экономикалық нарығына...  

Владислав Цой, тілші:
- Қазақстандық дизайнер Ырза Тұрсынзада Сеулге «Көшпенділер» инсталляциясын әкелді.  Оны көп балалы аналар тіккен. Көрпедегі бейнелерге назар салсаңыз, суреттерде көне заманның белгілері бар. Кейбір оюлар винил былғарымен кестеленген.

Лим Чон Хи, Сеул қаласының тұрғыны:
- Мен қазақ қолөнерін қатты құрметтеймін. Инсталляцияны көріп, оның сұлулығына таңғалдым. Енді Қазақстанға барғым келеді. Оюлар өте әдемі.

Дизайнер Тәрбия Айдынбаева Сеулге 30 костюм әкелді. Оны жергілікті халыққа оңтүстік кореялық студенттер мен Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшісінің отбасы көрсетті. Студент Ли Дан Би әшекейлер мен сәукеле ұнағанын айтады.

Ли Дан Би, студент:
- Костюм көлемді көрінеді, бірақ қауіпсіздік әсерін береді және жұмсақ. Бұл киім жаныма жылулық сезімін береді.

Биыл қазақстандық өнерпаздар Оңтүстік Кореяда жиі өнер көрсетіп жүр. Ал жергілікті блогерлер мен журналистер қазақ елі туралы ақпарат беруді көбейткен. Соның әсерінен Қазақстанға келген корей туристерінің саны артып, 6 айда үш есеге өсіпті.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян