Әлемде 3,5 млрд халық ауыз суға жарымай отыр
Әлемде 8 милилард адам болса, соның 3 жарым миллиарды яғни 45 процентке жуығы суға жарымай отыр.
Бұл жаһан жұрты үшін үлкен проблема. Ал адам саны өскен сайын ол одан сайын ушығып, жаһандық қатердің қатарына жатпасына кім кепіл? 2050-жылы әлем халқы 10 миллиардқа жетеді дейді. Соның жартысынан астамы тіршілік нәрінен таршылық көреді деген болжам бар. Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры жүргізген зерттеу қорытындысы тіпті қорқынышты. Ұйым өкілдерінің айтуынша, жер бетіндегі су дағдарысынан 58 триллион доллар шығын келеді. Бұл жаһандық жалпы ішкі өнімнің 60 проценті.
Петтери Таалас, Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның бас хатшысы:
"Климаттың өзгеруінен тасқын пен қуаңшылық көбейіп, мұздықтар жылдам ери бастады. Қазірдің өзінде әлем халқының жартысы тасқын судан зардап шегіп отыр. Үштен бірі қуаңшылықтан қиналуда. Былтыр мұздықтардың 10 проценті еріп кетті. Биылғы көрсеткіш те көңіл көншітпейді. Оны жасыратын несі бар? Біз мұздықтарды сақтап қалуға тырысатын уақытты баяғыда өткізіп алдық. Ал су тапшылығы мәселесі жылдан жылға ушыға береді. Содан бірінші кезекте ауыл шаруашылығы зардап шегеді. электр энергиясының өндірісінде де біраз қиындықтар туады.
Су тапшылығы Еуропа үшін өзекті проблема болып тұр. Былтыр бұл құрлықта рекордтық температура тіркелгені көбіне мәлім. Биылғы жаз да дәл солай болды. Тіпті күздің өзінде тұрғындарды аптап ыстық әлекке салды. Орман өртеніп, қуаңшылық орнады. Жұрт суға зар болып қалды. Әсіресе испандар. Болжамдарға сәйкес, елдегі жағдай жылдан жылға қиындай береді. 2030 жылға таман 35 миллион адам су тапшылығын сезеді жорамал да айтылып жүр қазір. Сондықтан Испания үкіметі қазірден бастап су үнемдеу шараларын қолға алып жатыр. Басымдық теңіз суын тұщыландыруға берілген. Қазір Испанияның оннан астам жоғарғы оқу орны мен ірі зертханалары су тапшылығына қатысты ғылыми зерттеулер жүргізіп жатыр.
Рубен Диас, UNED Университетінің профессоры:
"Су тапшылығы бір ғана мемлекеттің бас ауруы емес. Бұл жаһандық проблема. Сондықтан су қорын теңізден, құрлықтан және ауадан бақылайтын роботтар мен дрондарды, түрлі датчиктерді біріктіріп, осы бағыттағы ғылыми жұмыстарды әзірлеп жатырмыз. Салада тіршілік нәрін үнемдеу үшін автоматтандыратын технологияны қолданатын уақыттың келгені қашан."
"Тұман мен жауын-шашын елі" атанып кеткен Ұлыбританияның өзінде биыл тіршілік нәрінің тапшылығы байқалады. Францияда да осыған ұқсас жағдай. Сондықтан ел билігі қазір тхалықты үнемшілдікке үйретіп жатыр. Фермерлерге тіпті суды ақылмен жұмсау туралы тапсырма берілген. Мақсат - 2030-жылға қарай тіршілік нәрін тұтынуды 10 пайызға азайту. Өйткені 2050-жылы елдегі су қоры 30-40 процентке кемиді деген қауіп бар. Бұдан бөлек Бесінші республика билігі "алып бассейндер" жобасын қолға алмақ. Бұл - ауданы бірнеше футбол алаңына пара-пар жасанды қоймалар. Онда жаңбыр суы жиналады. Франция мен Испаниядан бөлек Германияда ДА үнемдеу шаралары енгізілді. Теңіз суын тұщыландыру жобалары да кеңінен қолданылуда.
- Десе де, ғалымдар мұның бірі жеткіліксіз екенін айтады. Өйткені бұл туындаған проблема салдарымен күресу. Сондықтан олар су тапшылығының түпкі себебіне көбірек көңіл бөлу керек екенін тағы еске салады.