Қазақстан Франкфурт кітап жәрмеңкесіне қатысып жатыр
Германияда атақты Франкфурт кітап жәрмеңкесі басталды.
Кітапсүйер қауымға арналған ең көне көрмеге биыл 75 жыл толып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараға 100 мыңнан астам мейман қатысады. Жәрмеңкеге қазақ баспагерлері де барған.
Биыл 100-ге жуық мемлекеттен 4 мың баспа өнімі ұсынылып отыр. Арасында жалпы әдебиет, балалар шығармалары, электрон кітаптар, караталар мен көне қолжазбалар бар. Ал Қазақстаннан 5 баспа барған. Мәселен, "Алматыкітап" Ыбырай, Шоқан, Абай сынды қазақ ғұламаларының мұрасы мен өмірі туралы том-том кітаптарды таныстырып жатыр. Олар ұлттық нақышта бейнеленген кітаптарға сұраныс жоғары дейді.
Гаухар Саймасаева, «Алматыкітап» баспасының президенті:
- Біз ерекше дайындықпен келдік. Осы жолы ұлттық мерекеміз - Наурыз туралы балаларға арналған жинақ алып келдік. Тілі - жеңіл әрі қызықты. Басқа елдердің балаларына Наурыз мейрамының маңызын түсіндіреді. Қосымша QR код арқылы қазақтың әсем әндерін тыңдауға болады.
Бостьян Дворак, Берлин университетінің профессоры:
- Мына ерекше кітаптарға бірден көзім түсті. Мысалы, қазақтың ұлттық ерекшеліктері туралы кітап киіз үй түрінде әзірленіпті. Мәтіні де айрықша, оқыған адамды бірден баурап алады екен.
Франкфурт жәрмеңкесі – оқырмандарды ғана емес, сондай-ақ қаламгер, баспагер, аудармашыны бір арнаға тоғыстырған үлкен шығармашылық алаңы. Қазақстан өкілдері бірнеше келіссөз жүргізіп үлгерген. Соның ішінде, Ұлыбританияның ең ауқымды баспа үйімен жаңа кездесу өткізді.
Бранислав Хроженчик, баспа үйінің өкілі:
- Біз қазақстандық серіктестермен жыл сайын кездесеміз. Ондағы 4 баспа үйі және басқа компаниялармен тұрақты байланыстамыз. «Алматыкітап» баспасымен жұмыс істеп жүргенімізге 15 жылға жуықтады. Осы жолы оларға балалар әдебиетінен түрлі оқулықтар, энциклопедия, кітаптарымызды ұсындық. Көңілден шыққандарын қазақ тіліне аударамыз деп отыр.
Бұл жерде қаламгерлердің кітабын таныстыруға да зор мүмкіндік бар. Жәрмеңке 5 күнге созылады.
Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Шолпан Найманбаева