Мәскеудегі қандастарымыз Республика күнін атап өтті
Мәскеулік қандастарымыз Республика күнін Ресей төрінде атап өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мерекелік іс-шара «Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің» Қазақстан ұлттық павильонында ұйымдастырылған.
Еліміз үшін маңызы ерекше мерекені атап өту үшін Мәскеудегі қазақстандықтар мен жергілікті қазақ диаспорасының өкілдері Қазақстан павильонында бас қосты.
Серік Тойғамбаев, Мәскеудегі Қазақ ұлттық-мәдени автономиясының вице-президенті:
- Мың жылдам астам тарихы бар біздің Қазақ елінің Республика күні болып жатыр. Бұл күнді біз, мәскеулік қазақтар, құрметпенен, сыйластықпен қарсы аламыз. Мәскеудегі Қазақ ұлттық-мәдени автономиясы осы күндері Қазақстан Республикасының күнін барлық жерде тойлайды. Еліміз егеменді болсын, аспаны ашық болсын!
Елін, жерін сағынып жырақта жүрген қазақтар үшін бұл күннің маңызы зор, - дейді жиналғандар.
Абдулахат Қалабай, курсант:
- Республика күні – әр қазақтың жүрегінен ойып тұрып орын алатын мерекелердің бірі. Осылай Ресей астанасының төрінде қазақ қандастарымыз, жерлестеріміз осылай іс-шара өткізіп жатқаны жүрекке жылу береді. Әр қазағымның шаңырағында береке құт болсын! Тәуелсіздігіміз, ашық аспан астындағы бейбіт өміріміз шексіз болсын.
Қазақстандық студенттер мен курсанттар дайындаған бағдарлама мереке ажарын аша түсті. Мың бұралған бишілер өнер көрсетіп, Мәскеу аспанында қазақ әні қалықтады. Ал мереке қонақтары ұлттық нақыштағы бұйымдар жасаудан шеберлік сабағына қатысып, дәстүрлі тағамдардан дәм татты.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров.