АҚШ пен Канадада Қазақстан туына құрмет көрсетілді

Канада мен АҚШ-тың шекарасында орналасқан әйгілі Ниагара сарқырамасы Қазақстан туының түсіне боялды.

Осылайша республика күнінде мыңдаған турист әлемдегі ең көрікті жерлерінің бірінен еліміздің байрағын тамашалады. Арнайы құрылғылар арқылы көк-сары түске енген сарқыраманың ерекше бейнесі,.. бір сәтке туристерді тәнті етті. Сонымен қатар Республика күніне орай Канаданың Торонто және алғаш рет Калгари қаласында көк байрағымыз желбіреді. Ал Нью-Йоркте еліміздің әнұраны шырқалып,  байрағын көтеру рәсімі өтті. Оған қала мэрі Эрик Адамс қатысты. Сондай-ақ Геннадий Головкиннің жанкүйерлері, қазақстандық студенттер мен отандастырмыз да келді. Осылайша АҚШ-тың ең үлкен қаласы екінші рет  еліміздегі мерекеге айрықша құрмет көрсетті.

Эрик Адамс, Нью-Йорк қаласының мэрі:

- Нью-Йорктегі қазақ қауымдастығы ұйымшыл әрі мықты бизнес иелері. Олар отбасылық құндылықты жоғары қоятын, қоғамдық қауіпсіздікке үлкен мән беретін тамаша азаматтар. Сондықтан Қазақстан туын көтеріп құрмет көрсеткенімізге қуаныштымыз.