ЕО Газа секторына шұғыл көмек жеткізуге шақырды

ЕуроОдақ басшылары Брюссельдегі саммитте Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізу үшін оқ атуды тоқтатуға шақырды.

Бірлескен мәлімдемеде "Кәрі құрлық" елдері Таяу Шығыстағы ахуалдың күрт нашарлағанын айтып, көмекті еш кедергісіз жылдам жеткізу қажет екенін атап өтті. Еурокеңес президенті Шарль Мишель Газа секторын толығымен оқшаулау халықаралық заңнамаға қайшы екенін мәлімдеді. Сондай-ақ Таяу Шығыстағы қақтығысты шешу жолдарын талқылау үшін бейбіт аймақта конференция өткізуді ұсынды.

Шарль Мишель, Еурокеңес президенті:

- Гуманитарлық жағдайдың қатты ушығып кеткенін көріп отырмыз. Азық-түлік, су, электр энергиясы мен дәрі-дәрмек жеткізуге тез арада жол ашу керек. Гуманитарлық дәліздерді қамтамасыз ету ісіне бәріміз белсене атсалысуымыз қажет.

Урсула Фон Дер Ляйен, Еурокомиссия төрағасы:

- Еурокомиссия үшін Газадағы гуманитарлық дағдарысқа күрес шараларын күшейту аса маңызды. Көмек Газа секторына еш кедергісіз және жылдам жетуі керек.