Шетелдіктер қазақ жұртына көңіл айтты

Қарағандыдағы қайғылы жағдайға байланысты әлемнің әр түкпіріндегі ел-жұрт көңіл айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шет мемлекеттердегі Қазақстан елшіліктеріне келіп жазба қалдырып, қолдау білдіріп жатыр.

Жалпыұлттық аза тұту күніне байланысты Мәскеуде Қазақстан Елшілігі ғимаратында көк туымыз төмен түсірілді. Жерлестеріміз елшілік маңына жиналып, Костенко шахтасындағы апаттан қаза тапқан кеншілердің туыстары мен жақындарына көңіл айтып, қолдау білдіріп жатыр.

Гүлжан Қожамжарова, Мәскеу тұрғыны:

- Алыста жүрсек те, жүрегіміз жерлестерімізбен бірге. Әрине, не көңіліміз, не жүрегіміз қабылдамайтын хабар. Алыста жүрсек те, жүрегіміз бір, қайғыны бөліссе, азаяды дегендей. Біз жүрегімізбен, ниетімізбен сіздермен біргеміз, қайғыларыңызға ортақпыз.

Асхат Оралбеков, студент:

- Қарағанды облысында болған апаттық жағдай Мәскеуде оқып жатқан барлық қазақ студенттерінің көңіліне кірбің түсірді. Барлығымыз қайғырдық, өте жаман хабар естідік. Еліміздің туы ешқашан төмен түспесін. Қайтыс болғандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтамыз.

Түркияның Анкара қаласында орналасқан Қазақстан Елшілігі ғимаратында да Мемлекеттік ту төмен түсірілді. Анталия мен Ыстамбұлдағы Бас консулдықтарымыз қара жамылды. Түркі мемлекеттері ұйымы мен Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы қазақ халқының қайғысына ортақ екендігін білдіріп, арнайы хабарлама жариялады. Жырақта жүрген жерлестеріміз мен қандастарымыз да Костенко шахтасында қаза тапқан кеншілердің ет жақындарына қайғырып көңіл айтып жатыр.

Жанымхан Жаналтай, қандас Түркия қазағы:

- Қазақстанымыздың Қарағанды облысында шахтада орын алған өрт салдарынан адамдардың қаза тапқанқандығы туралы қайғылы хабарды терең күйзеліспен естідік. Осы апатта қаза тапқандардың туған-туыстарына Түркия қазақтары атынан көңіл айтамыз. Бұл орны толмас ауыр қайғыларына ортақпыз. Зардап шеккендерге тезірек сауығып кетуіне тілектеспіз.

Қалың елдің қабырғасын қайыстырған қаралы күнде америкалықтар да көңіл айтып жатыр. АҚШ астанасы Вашингтондағы 16-шы көшеде орналасқан Қазақстан Елшілігі байрақты түсіріп, қайғы жұтқан отбасыларға жұбату білдірді.

Қарағанды облысындағы қайғылы оқиғадан хабардар болған Оңтүстік Корея жұртшылығы да Қазақстан халқына көңіл айтты. Демалыс күніне қарамастан жергілікті тұрғындар қазақ диаспорасы және өзге мемлекеттердің дипломаттары елшілікке келді. Олар арнайы көңіл айту кітабына жазба қалдырып жатыр.

Авторы: Дәурен Ақашұлы.