Берлинде экобелсенділер көшені бөгеп тастады
Берлинде экобелсенділер орталық көшені жауып тастады, деп хабарлайды «Хабар 24».
600-дей адам өздерін асфальтқа желімдеп тастаған. Полицейлер ұзақ уақытқа дейін жолды аша алмай әлекке түсті. Белсенділер бұл әрекет арқылы үкіметті климаттың өзгеруімен күресті күшейтуге шақырып отыр.
Мартин Дамсс, Берлин қаласы полициясының баспасөз хатшысы:
- Қазір наразылық шарасына қатысушыларды асфальттан алып жатырмыз. Бұл үшін ең алдымен адамның жолға өзін қандай желіммен жабыстырып тастағаны тексеріледі. Ұйым мүшелері бұған дейін де талай рет осындай әрекетке барған. Сондықан біз оларға зиян келтірмей, жолдан қалай ажыратып алу керектігін білеміз. Бұған қажетті құрал-жабдықтарымыз бар.
«Соңғы ұрпақ» деп аталған бұл ұйымның үкіметке қойып отырған талабы көп. Олар ауаның ластануын азайту үшін қоғамдық көліктердің жолақысын арзандатып, көмірден бас тартуды сұрайды. Белсенділер билік талабымызға көңіл аудармаса, Берлинде бұдан да ауқымды наразылық акциясын өткіземіз деп күшейіп отыр.
Ральф Шульц, белсенді:
- Үкіметке қояр талабамыз көп. Мысалы, ірі тасжолдарда көлік жылдамдығын азайту қажет. Бұл өте маңызды. Бұдан бөлек, биліктен климатқа кері әсер етіп жатқан қазбалы отыннан шұғыл түрде бас тартуды сұраймыз. Өйткені оларды жағу планетамызға орасан зор зиян келтіріп жатыр. Тез арада күн мен жел энергиясын пайдалануға көшуіміз керек.