Түркияда Палестинаны қолдау митингі өтті
Ердоған Израильді «әскери қылмыскер» деп атады.
Израиль болса Түркия мен арадағы келісімдерді қайта қараймыз деп өз елшісін шақырып алды. Ал Түркияның өз басында Режеп Тайып Ердоғанның қатысуымен Палестинаны қолдау митингі өтті.
«Ұлы Палестина митингі» деген атаумен Ататүрік әуежайында ауқымды шеру өтті. Оған 1,5 миллион адам қатысты. Арасында Түркияның жоғары лауазымды тұлғаларынан бастап, шетелден арнайы келген азаматтарға шейін бар. Бәрі Израильдің Газа секторындағы әрекетіне наразы.
Түрік халқы үшін Құддыстың орны бөлек. Қасиеті ерек. 106 жыл бұрын ол Осман империясының бір бөлігі болған.
Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:
- Бүгінде кейбіреулер Газаны бізбен еш қатысы жоқ, шалғай жер деп біледі. Тіпті мұны ашық айтып та жүр. Дегенмен бір ғасыр бұрын ғана Түрік елі мен халқы үшін Адана қаласы қандай болса, Газа да солай еді. Дәл сол сияқты, Эдирне секілді Скопье, Кыркларели сияқты Салоники, Мардин сияқты Мосул, Газиантеп сияқты Алеппо және Газа да Отанымыздың ажырамас бөлігі болды.
Палестиналықтарға қолдау көрсету шеруінде Ердоған Израильді «әскери қылмыскер» деп айыптады. Газа секторындағы жағдайға қатысты Батыс елдерінің ұстанымын да қатаң сынға алды.
Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:
- Лаңкестермен күресеміз деген желеумен ондаған мың шақырым жерден келіп, миллиондаған адамды аяусыз қырып кеткендер бізге өз шекарамызды, отанымызды, азаматтарымызды қорғау құқығын бергісі келмеді. Десе де біз терроризмге қарсы күресте өз дегенімізге қол жеткіздік.
Түрік басшысының осындай мәлімдемесінен кейін Израиль екіжақты байланысты қайта саралайтынын жеткізіп, Түркиядағы дипломаттарын кері қайтарды.
Эли Коэн, Израиль Сыртқы істер министрі:
- Түркия тарапы таққан ауыр айыптардан соң мен Израиль мен Түркия арасындағы қарым-қатынастарды қайта бағалау үшін дипломатиялық өкілдерді елге қайтаруды бұйырдым.
Жалпы екі ел арасындағы қарым-қатынастың тарихы терең. Түрлі қиындықтарға қарамастан екіжақты байланыс ешқашан үзілген емес. 2018 жылы АҚШ елшілігін Тель-Авивтен Иерусалимге көшіруі Түркия мен Израиль арасын нашарлатып жібергенімен, 2021 жылы тараптар қарым-қатынасты қайта жандандыруға келісті. Жақындасу процесі барысында өзара елшілер тағайындау ісі қолға алынды.