Газа секторында 3,5 мыңнан астам бала көз жұмды
Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыстан 3 апта ішінде 3 450 бала көз жұмған.
Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымы мәлімдеді. Бейкүнә сәбилердің өлімі күн санап артуда. Ұйым өкілдері дереу соғысты доғару керек екенін айтып, дабыл қақты. Жағдайды гуманитарлық көмектің келмеуі ушықтырып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымның дерегінше, 130-дан астам шала туған бала арнайы құрылғыда жатыр. 50 мыңнан астам жүкті әйел, 350 мыңнан астам адам түрлі дертпен тіркеуде тұр. Бұдан бөлек, 2 миллионнан астам адам ауызсу мен дәрі-дәрмекке зәру.
Джеймс Элдер, «ЮНИСЕФ» балалар қорының өкілі:
- Газа қала емес, балалардың мазарына айналды. Орташа есеппен күн сайын 420 бала өлім құшып, ауыр жарақат алып жатыр. Шабуылды тым болмаса 72 сағатқа тоқтатса, мыңдаған баланың өмірін сақтар едік.