Газадағы босқындар лагері атқыланды
Израиль күштері ХАМАС қозғалысының бір командирін көзін жою үшін Газадағы Джабалия босқындар лагерін бомбалап, 195 адам қаза тапты.
750 тұрғын жараланып, 120 кісі із-түссіз жоғалып кеткен. Ресми Тель-Авив лагерьді атқылағанын растап, ХАМАС-ты айыптап отыр. Израильдің мәлімдеуінше Хамас қозғалысы өз бекеттерін осындай лагрьлерге жақын салатын көрінеді. Қарулы қақтығыс басталғалы Газада қаза болғандардың саны 9 мыңға жуықтаған. Марқұмдардың 70 пайызы әйелдер мен балалар. БҰҰ өңірде гуманитарлық ахуал күрт нашарлағанын айтып, атысты тоқтатуға шақырып жатыр.
Хасан Ахмед Райан, Джабалия лагерінің тұрғыны:
- Израиль әскерінің соққыларынан лагерьдегі үйлердің көбі тас талқан болды. Мына жерде наубайхана тұрған. Ал қалған ғимараттарда бейбіт тұрғындар өмір сүрген. Бұл жерде ХАМАС-тың ешқандай жасырын нысаны болған жоқ. Бейбіт халықты бомбалау қашанғы жалғасады.
Мысырда палестиналықтар үшін госпиталь ашылды
Ал Мысырдың Шейх-Зувейд лагерінде жараланған палестиналықтар үшін дала госпиталі ашылды. Мұнда адамдар Рафах шекара бекеті арқылы жеткізілуде. Қазірге дейін емханаға 80 палестиналық пен 400 шетелдік орналастырылған.