Шетелдік БАҚ: Қазақстан-Венгрия қарым-қатынасы

Иә, білімнен мәдениетке, саудадан байланысқа дейінгі барлық салада Қазақстан мен Венгрия арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келеді.

Осы орайда Мажарстан премьер-Министрі Виктор Орбанның Қазақстанға ресми сапармен келуі үлкен маңызға ие. Бұл оқиға шетелдік БАҚ өкілдерінің де назарынан тыс қалмады.

Шетелдік бұқаралық ақапарат құралдарының өкілдері Виктор Орбанның сонау кәрі құрлықтан Қазақстанға келуі бекер емес дейді. Өйткені Қазақстан - Венгрияның сенімді стратегиялық серіктесі. Бұл туралы румыниялық басылымда баяндалады. Сондай-ақ екі елдің энергетика саласындағы тығыз байланысына кеңірек тоқталады. 

Цитата:

«2023 жылдың қаңтарында Қазақстан мен Венгрия атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бағытында білім беру бойынша Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Энергетикалық ынтымақтастық корпоративтік деңгейде де ерекше. Өйткені Қазақстан нарығында көптеген венгр компаниялары бар».

HIRADO.HU

Елімізді Мажарстанмен ең алдымен терең тарихи байланыстар біріктіреді. Тегі қыпшақ мадиярлар өз түп-тамырын ұмытпай, ата-баба сабақтастығын ғасырдан ғасырға жалғап келе жатқан ел. Осы туралы ой толғаған Виктор Орбанның сөзі әзербайжан басылымында жарияланды.

Цитата:

«Түп-тамырыңды сезіну – нағыз бақыт. Мадиярлар Қазақстанға келген сайын ерекше қуанады. Өйткені біздің тегіміз бір. Соңғы онжылдықта біз ынтымақтастықты дамытуға көп күш жұмсадық. Әр бастама өзінің жемісті нәтижесін көрсетті. Сіздермен бірлесе жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе.»  

TREND NEWS AGENCY

Екі ел арасындағы саяси-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастар аясы жылдан жылға кеңейіп келеді. Мажарстан Үкімет басшысының Қазақстанға келуінің тағы бір себебі - Түркі Мемлекеттері Ұйымының саммиті. "Астанадағы бұл басқосу жаңа кезеңнің бастамасы" деп жазды халықаралық BNN басылымы.

Авторлары: Фариза Жанғанаева