Ташкентте Шанхай сегіздігіне мүше елдердің алғашқы көлік форумы өтті

Қазақстан халықаралық Транскаспий көлік дәлізін дамытуға басымдық береді.

Бұл бағыт - Шығыс пен Батысты жалғап қана қоймай, еліміздің Еуропаға жүк тасымалын жеңілдетеді. Оны іске қосу міндеті - 2030 жылға дейінгі көлік-логистика әлеуетін дамыту тұжырымдамасына енгізілген. Ташкентте Шанхай сегіздігіне мүше елдердің алғашқы көлік форумы өтті. Оған Қазақстанның осы салаға жауапты вице-министрі қатысып, жүк тасымалы саласындағы әлеуетімізді баяндады.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Ташкентке бұл күндері Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің көлік министрлері жиналды. Қазақстандық тарапты вице-министр Талғат Ластаев бастап келді. Өзбекстанда ірі көлік-логистикалық кешен, яғни мультимодальды орталық құрылысына кіріскен қазақстандық компания өкілдері де форумға қатысуда.

Орталық Азия - Еуропа мен Шығысты байланыстыратын негізгі аймақ. Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» және Еуропаның «Global Gateway»

бастамалары өңір елдерімен бірлесе дамытылып жатыр. Жалпы еліміздегі сауда жолдарын дамытуға кейінгі 10 жылда 30 млрд доллар қаражат жұмсалды. Енді Транскаспий дәлізін дамытуға баса назар аударылған. Әлемдік мұхитқа шығар жолымыз болмаса да, құрғақ порттардың мүмкіндігін барынша пайдалану көзделіп отыр.

Талғат Ластаев, ҚР Көлік вице-министрі:

- Қытай мен Еуропа арасында әр түрлі мультимодальді жүкті тасуға бүкіл мүмкіндік жасалды. Әр түрлі инвесторлар бар. Ақтау, Құрық порттарында

эмираттан келген компнаиялар бар. Тағы әуе тасымалы бойынша БАӘ Астана әуежайына, француз және түрік компанияларынан инвестиция

тарту үшін жұмыс жасап жатырмыз.

Қазақстан Қытайдың Ляньюньган портындағы терминалға иелік етеді. Онымен Каспийдің Ақтау теңіз айлағы арасында тікелей көлік қатынасы

орнайтын болады. Транзит көлемі Оңтүстік-Шығыс елдері есебінен ұлғайтылуы мүмкін. Біздің мемлекет тиімді тарифтік саясат ұсынып,

Еуропаға тауар тасымалын еселеп көбейтуге ниетті. Қазір әлемде орталық дәліз аталып кеткен аймақта жылдар бойы қордаланып қалған мәселе де бар.

Илхом Махкамов, Өзбекстанның Көлік министрі:

- Шанхай сегіздігі елдерінің көлік әлеуетін арттыру үшін стандарттарды сәйкестендіру және оңтайлы тарифтік саясат енгізуді

ұсынып отырмыз. Шекаралас аймақтарда ірі мультимодальді логистикалық орталықтар қажет. Кеденде тәуліктік жұмыс режимі

енгізілсе де жағдай жақсарар еді. Үздік цифрлық технологияларды қолдану керектігін де осы форумға қатысып отырған барлық тарап қолдайды деп

ойлаймын.

Еліміз арқылы Орталық Азия нарығынан Еуропа, Қытай және Ресей бағытына жылына 30 млн тонна өнім тасымалданады. Алдағы уақытта бұл

көрсеткіш тағы артуға тиіс. Себебі Шанхай сегіздігі аясында алғаш рет өткізіліп отырған көлік форумында «Беларусь – Ресей – Қазақстан –

Өзбекстан – Ауғанстан – Пәкістан» халықаралық көлік дәлізін құру және дамыту жөніндегі меморандум жасалды. Қазақстан мен Өзбекстан арасында

«Дарбаза-Мақтарал» жаңа теміржол салу жобасын жүзеге асыру жайы да талқыланды. Ол Сарыағаш өткізу бекетіне түсетін ауыртпалықты азайтып,

Иран және Парсы шығанағымен транзитті жеңілдетпек.

Авторы: Рауан Мыңбаев