Газада босқындар лагері тағы бомбаланды

Израиль күштері Газа секторындағы тағы бір босқындар лагерін бомбалап, 15 адам қаза тапты.

Ондаған тұрғын жараланды. Бұл жолы өңірдің орталығында орналасқан Бурейдж лагері шабуылға ұшыраған. Оқиға орынында іздестіру-құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы қарулы қақтығыстан Газа секторында қаза тапқандардың саны 9 мыңнан асты. Тағы 32 мың тұрғын жараланған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аймаққа гуманитарлық көмекті күшейтуге шақырды.

Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ бас директоры:

- Газа секторында апатты жағдай қалыптасқан. Ауруханалар науқастарға лық толып, жаралыларды дәліздерге орналастырып жатыр. Дәрігерлер дәрі-дәрмектің тапшылығынан операцияларды анестезиясыз жүргізуге мәжбүр. Адамдарға азық-түлік пен ауызсу жетіспей, жұқпалы аурулардың таралу қауіпі күшейді.

 

Израиль әскері газа қаласын қоршауға алды

Ал соңғы мәліметке қарағанда Израиль әскері Газа қаласын қоршап, шаһардағы ХАМАС жасақтарына қарсы операция жүргізіп жатыр. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, Израиль ХАМАС қарулы топтарымен қақтығыста 17 сарбазынан айырылған.